Kyzylorda-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданының Қоғамдық кеңесі отырысы болып өтті. Кеңес отырысына Қоғамдық кеңес мүшелері, аудан әкімінің орынбасары А.Дәрібаев және тиісті сала басшылары қатысты. Отырысты кеңес төрағасы О.Ахметов ашып, жүргізді.
Күн тәртібіне төмендегі мәселелер ұсынылып, кеңес отырысында талқыланып, қаралды.
Бірінші мәселе «Жалағаш ауданының ауылдық округтеріндегі инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерде дақылдарды кезектестіру (ротациялау) схемасын бекіту туралы» Жалағаш ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 18 маусымдағы №120 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулы жобасын талқылау бойынша аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы М.Қалниязов баяндама жасады.
Ал, «Жалағаш ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы» шешім жобасын талқылау бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ғ.Ербол хабарлады.
Жалағаш аудандық мәслихатының 2019 жылғы 22 ақпандағы №37-9 «Жалағаш ауданы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, әкетуге және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы» шешімнің күші жойылды деп тану туралы» шешім жобасын талқылау үшін аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру-құқықтық бөлімінің басшысы Э.Құттымбетова сөз алды.
2022 жылы Жалағаш аудандық қоғамдық кеңесінің отырыстарында Жалағаш кентінде атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты кеңес мүшелері тарапынан айтылған сұрақтар мен ұсыныс-пікірлерге Жалағаш кентінің әкімі М.Жамалатов жауап берді.
Сонымен қатар, кеңес отырысында Дәуімбай учаскесіне қатынайтын маршрут, кенттегі қоқыс контейнерлері мен қоқыс шығару, қанғыбас иттерді азайту, Абай көшесіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолды реттеу, мүгедектерге арналған такси санын көбейту, кешкі мезгілде көшедегі жасөспірімдер тәртібі туралы ұсыныс-пікірлер айтылды.

