Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары Жалағаш ауданына қарасты елді мекендерде жарқын жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жасалуда. Әсіресе табиғи газға қосылатын ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Қажеттілігіне, мәселенің өзектілігіне қарай барлық ауылдық округтерде көшелер жөнделіп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары кезең кезеңімен атқарылады. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов өткен аптадағы ауылдарға сапарында осындай жақсы жаңалықтармен бөлісті.
Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізінде Таң ауылына жақындай бастағаннан, ауылдың кіреберісінен басталған тындырымды тірлік көрген көзге қуаныш сыйлайды. Еріксіз сүйсінесің, ауылдың ажарына таңдай қағасың.
Айта кетейік, алдағы уақытта газ кіретін елді мекендер қатарында Таң да бар. Жергілікті халықты қуанышқа бөлеген басты жаңалық та осы болды. Бұл ауылдың халқы шынында не айтсын?! Көшелері айнадай, балабақшасы тағы бар, мектебі күрделі жөндеуден өткен. Жалпы ауылды абаттандыру және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында атқарылған жұмыстар легін тарқатамын десек, жазар дүние көп. Бір ғана облыстық мәслихат депутаты, ауылдағы «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаевтың туған жерді түлету мақсатында жүзеге асырған жарқын жобалары қаншама. Бастысы, ауылда береке бар. Оның да ауызбіршіліктің арқасында келгенін біз жақсы білеміз.
«Ауылдық жер болған соң мәселенің болмауы мүмкін емес қой. Бірақ қазіргі ауылдың ажары, дамуы, тұрғындардың тұрмыс сапасы анау айтарлықтай нашар емес. Биыл жоспарланған жобалар кезең кезеңімен жүзеге асты, әлі де ауылда атқарылатын жұмыстардың жүйесін естіп, біліп отырмыз. Ауылға кіреберістегі «Бозарық» каналы көпірін қайта жаңғыртуға да құжаттар дайындалуда екен. Әйтеуір тіршілік тоқтап қалмай, ретімен мәселелер шешімін тауып жатса, біз ризамыз» дейді ауыл ақсақалдары.
Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың қатарында елді мекенге қарасты 10 ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы бар. Тәртіп сақшыларына берілетін бұл тұрғын үйлер әкімдіктің меншігінде болып, учаскелік полиция инспекторы қызмет ауыстырған жағдайда келесі келетін тәртіп сақшысының пайдасына жарайтын болады.
Жалпы ауданда жыл көлемінде атқарылып жатқан жобалардың саны отызға жуық болса, оның ішінде ауыз су, жол құрылысы, әлеуметтік нысандар, көпірлерді жөндеу, газдандыру, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары қамтылған. Ауыз су желілері бойынша 4 жоба, жол құрылысы 9 жоба, газдандыру бойынша 4 жоба, жарықтандыру 4 жоба, абаттандыру 4 жоба жүзеге асуда. Ал осы жылы Таң ауылының дамуына тағы бір серпін болған жарқын жоба – Таң ауылдық дәрігерлік амбулаториясының пайдалануға берілуі. Біршама уақыт бұрын Жалағаш ауданындағы іргелі елді мекен Таң ауылы тұрғындарының көптен күткен көкейтесті мәселелерінің бірі шешімін тауып, жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген еді. Ауыл халқының игілігіне қызмет ететін медициналық нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 140 млн теңге қаржыға салынған. Жаңа нысанда 1 дәрігер, 10 орта буын қызметкері, 2 кіші буын қызметкері ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, Таң ауылындағы №118 орта мектеп бала бойына білім дарытуда, заманның өзгерісіне бейімделе алатын, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда бар білім-біліктерін аяған емес. Ұстаздық жолдың жауапты әрі қиын екенін жете түсінген мектеп ұжымы қай істе болсын ауызбіршілікпен жұмыс жасайды. Ал 1981 жылы пайдалануға берілген 624 орындық білім ошағы өткен жылы күрделі жөндеуден өтіпті. Типтік жобадағы мектеп ғимараты қазір заманауи жабдықтармен жабдықталып, талапқа сай білім беруде еш кедергімен бетпе-бет келіп отырған жоқ.
Жалпы Таң ауылының даму динамикасына келсек, тарқатып жазар дүние көп. Әсіресе бұл ауылда түрлі жарқын жобалардың жүзеге асуы жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасына да оң әсерін тигізуде. Ауыл – тынымсыз тірлік жасалып жатқан елді мекендердің бірі. Әсіресе ауылды көркейту, дамыту жолында жыл сайын жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ал әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатындағы жұмыстардың бірі кәсіпкерлерге қолдау көрсету екені белгілі. Кәсіп ашып, оны дамытамын деушілерге қашанда көмек қолын созу, қайтарымсыз грантқа ие болуға және төмен пайызбен несие алу жұмыстарына да жәрдем беруді күн тәртібіне қойып келеміз.
Қашаннан берекелі тірлік бірлікпен бітетінін айтқан Асқарбек Есжанов ауыл ағайындары үшін де алдағы жылдары игі істер қолға алынатынын айтып, тұрғындардың көңілін бір демдеді. Осылайша іргелес жатқан бірнеше елді мекеннің тыныс-тіршілігін бағамдап, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түріп, мәселенің шешімінен хабардар еткен, ауыл ақсақалдарының ақ батасын алған өңір басшысы бүгінгі жұмыс сапарын аяқтады.
Сонымен қатар, биыл үлкен жолдың бойындағы Еңбек ауылында 3 көшенің сапасына мән берілген. Осылайша Асқарбек Есжанов 2025 жылы жол сапасына қатысты Еңбек ауылына қайта оралуды жөнсіз дейді. Президент жергілікті әкімдердің жұмысын жол сапасына қарап бағалайтынын айтқан. Біздегі жол құрылысының қарқын алғанын ескерсек, Асқарбек Есжановтың бұл бағытта біршама іс тындырғанын аңғарамыз.
Еңбек ауылында не мәселе болсын, шаруамен ширап, тұтас бір елді мекеннің еңсесін тіктеген Шакизатхандай азаматы бар ауыл осылай болуы керек. Әр жыл сайын еңбеккерлеріне 100 млн теңге сыйақы үлестіреді. Кеше қос отбасына екі баспананың кілтін табыстапты. Тағы бірі темір тұлпар тақымдаған. Әлеуметінің әлeуеті нық Еңбекте ақсақалдар әкімді батасымен шығарып салды.
Еңбекте ауыл шаруашылығының қос саласы да қарқынды дамыған. Күріштен тау тұрғызған ауыл халқы мал шаруашылығына да бейім. Кәсіпкерлік саласының да дамуы жаман емес. Әлеуметтік нысандар сапасында мәселе жоқ. Жол мәселесі алдағы 2 жылда толық шешімін табады. Ауыз су жүйесі жаңа, электр желісінде мәселе жоқ. Мектебі күрделі жөндеуден өткен, кіреберіс жол асфальтталған. Осынша шаруа атқарылғаннан кейін ауыл халқының аудан басшысына алғыс айтатындай реті бар.
«Биыл үш ішкі көшенің сапасына мән берілді. Келер жылы да аудан басшысы ауылда жол құрылысының қарқын алатынын айтып, елді қуантты. Ауылдағы шаруашылық төрағасы Шакизатхан Ысқақов ағамыз да ауылдың абаттануына, әлеуметтің әлеуетінің артуына жұмыс жасап жатыр. Атпал азамат ауылда жүзеге асатын кез келген жұмысқа демеушілік етуді дәстүрге айналдырып келеді. Биыл қос отбасына баспана кілтін табыстады. Бір азамат сужаңа темір тұлпар тақымдады. Мұның бәрі ауыл халқының тұрмыс сапасына бірінші кезекте оң әсерін тигізеді», – дейді Еңбек ауылы әкімі Қайролла Қалданов.
Жалпы, ауданда атқарылған іс ауқымды, кезекте тұрған мәселе де жоқ емес. Зерттеу-зерделеу барысында ауданда ең өзекті мәселелер қатарында бірқатар ауылдарда ауыз су жүйесін кеңейту, жол құрылысы, көпірлерді жөндеу, Жалағаш кентіне жақын ауылдарды газдандыру, жарықтандыру мәселесі тұр. Осыған орай аудан басшысы алдымен ауыз судың шешілу түйінін тарқатты.
«Ауыз су желілері бойынша ауданда 4 жоба жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, Аққұм елді мекенінде су тарату жүйесінен аулаішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысы, Жалағаш кентінде Ақтерек-170 га учаскесінің су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылысы, Жалағаш кентінде Ақтерек-170 га учаскесіндегі инженерлік инфрақұрылымның сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы, Мәдениет елді мекенінде су тарату жүйесінен аулаішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы аудан тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген», – деген өңір басшысы жол құрылысы бойынша да 9 жоба, көпірлерді жөндеу, тұрғын үйлерді күрделі жөндеу, газдандыру, жарықтандыру бойынша 4 жоба, абаттандыру бағытында да бірқатар жобаларды атады.
Аудан әкімі Асқарбек Есжанов алдымен ішкі көшелерге, яғни алдағы бірнеше жылда Аққұм ауылындағы бірнеше көшенің сапасына мән берілетінін айтты. Тіпті ол ауданның даму жоспарында да қамтылған. Демек бұл мәселе шешімін тауып, халықтың талап-тілегі орындалатын күннің де ауылы алыс емес секілді. Ал ауылдағы жарықтандыру жұмысы қолға алынса, елді мекенге көгілдір отын кіргізу жобасының қолға алынатыны аққұмдықтарды қуантты. Биылдың өзінде кент іргесіндегі Ақсу ауылы мен дарияның бергі бетінде орналасқан М.Шәменов ауылына газ кіргізу жобалары дайындалса, дәл осы қос елді мекен арқылы алдағы уақытта Бұқарбай батыр, Аққұм, Қаракеткен, Таң ауылдарына көгілдір отын жеткізу жоспарда бар.
Жалпы, ауданның 3 жылдық даму жоспарында әрбір елді мекенде халықтың көкейінде жүрген мәселелерді шешу көзделгенін байқаймыз.



