Kyzylorda-news.kz. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттілігі жөнінде айтылған болатын. Бүгінде сол бастамаға сәйкес елімізде ауыл әкімдерін сайлау науқаны жүргізіліп келеді. Осы орайда жексенбі күні Жалағаш ауданына қарасты Аққұм және Мырзабай ахун ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау науқаны өтті.

Аққұм ауылындағы №147 сайлау учаскесінде таңғы сағат 7:00-де учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің, БАҚ өкілдерінің, байқаушылардың және сенім білдірген адамдардың қатысуымен сайлау туралы заңның талаптарына сай, барлық процедураларды орындай отырып сайлау учаскесі ресми түрде ашылды. Аққұм ауылдық округі әкімінің сайлауына үш үміткер өз кандидатурасын ұсынған. Олардың өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасымен ауыл тұрғындары бұқаралық ақпарат құралдары мен газет беттері арқылы толықтай танысқан. Сайлау учаскесі ашыла салысымен қора-жайдағы шаруаларын кейінге ысырып, саяси науқанға қатысуға алғашқы болып келген ауыл тұрғыны Зулаш Ташаева да өз таңдауын жасады. 

– Бүгін ауылымыз үшін саяси маңызды күн десем болады. Ауылымыздың тыныс-тіршілігі шүкір, жақсы, ауыл азаматтарының жасап жатқан шаруаларының жайы көңіл көншітеді. Алдағы уақытта да осы алған бағытымыздан таймай, елді мекеніміз көркейе береді деп сенемін. Науқан әділ, барлық ережелерге сай өтіп жатыр. Халқымызға бірлік, елімізге бейбітшілік тілеймін, – деді алғашқы сайлаушы Зулаш Ташаева.

Сайлау учаскесінің төрағасы Абзал Ибраевтың ұсынған мәліметінше, саяси нау-қанға қатысушылар саны – 1023. Қуантарлығы, ауыл тұрғындары үшін әрбір аза-маттың дауысы маңызды екені және елді мекеннің болашағы әр тұрғынды алаңдата-тыны анық байқалды. Өйткені сағат 9.00-ге дейін 150 азамат дауыс беріп үлгерген. 
Осындай белсенді азаматтардың бірі ауыл тұрғыны Көшербек Тоқмырзаев.

– Ауылымыздағы жасалып жатқан әрбір істің берекелі болатынына сенемін. Канди¬даттар, олардың сайлауалды бағдарламарымен ақпараттық құралдар арқылы етене таныспыз. Үміткерлер сайлауалды бағдарламасына ауылдағы өзекті мәселелерді шешуді арқау еткен екен. Енді соның барлығы алдағы 4 жылда шешімін табуына жұмыс жасаса болғаны. Саяси науқан әділ, ешқандай тежеусіз, жақсы көңіл-күйде өтіп жатыр. Науқанды ауыл халқы болып абыроймен өткізуге тілектеспін, – деп  ақниетін білдірді ауыл тұрғыны.

Елді мекенде түске дейін сайлаушылардың легі бәсеңдемеді. Сайлау учаскесінің хатшысы Айдын Сәрсенбаеваның ұсынған мәліметінше, сағат түскі 12.00-ге дейін 500-ден аса сайлаушы келіп, өз таңдауын жасаған.Жоғарыда айтып өткендей, дәл осындай сайлау Мырзабай ахун ауылдық округінде де өтті. Қатар өткен екі саяси науқанның да мақсаты бір, ол ауыл әкімін сайлау. Мұнда да ауылдағы №122 орта мектепте орналасқан №146 сайлау учаскесі сағат 7.00-де заңды талаптарға сәйкес ашылды. Жалпы, мырзабайлықтардың саяси белсенділігі өте жоғары. Ауыл ақсақалы Кендірбай Адамбаев алғашқылардың бірі болып сайлау учас-кесіне келіп, өтіп жатқан саяси науқанға сәттілік тілеп, ақ батасын берді. 

– Ауылда маңызды саяси науқан өтіп жатыр. Менде таңғы шәйімді ішіп, дауыс беруге келіп қалдым. Шүкір, ауылымызда біраз шаруалар жүзеге асып жатыр, жастардың еңбек етуге деген құлшынысы да жаман емес. Ең бастысы, ауылдың ауыз-біршілігі бекем, сондықтан бірлік болса, тірлік те өнетінін жақсы білеміз. Ауыл болашағын айқындайтын науқанда ауыл¬дастарымды белсенділік танытуға шақырамын, – дейді ауыл ақсақалы.

Ауыл ақсақалымен қатар Қазына Нұрылдаева есімді ақжаулықты ана да өзінің таңдауын жасауға ертелетіп келіпті. Ауыл анасы осында өтетін барлық іс-шараларға қатысып, елді мекен тыныс-тіршілігіне белсене араласуды құп көреді. «Жастарға үлгі, өнеге болу, біздің басты міндетіміз» дейді ақжаулықты ана.

Алғашқы болып келген ауыл тұрғындарына сайлау учаскесінің тарапынан сыйлық беріліп, алғыс көрсетілді.Сайлау учаскесінің төрайымы Нұратаева Гауһардың мәліметінше, жалпы тір-келген сайлаушылардың саны 668 азамат, сағат 9.00-ге дейін 200-ден аса ауыл азаматы дауыс беріп үлгерген. Аудандық сайлау комиссиясының мәліметінше, Аққұм сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміндегі 1023 адамның 815-і дауыс берген. Ауыл әкіміне үміткер А.Асанбековке 639, Н.Костанбаев 98, С.Шынжыровқа 76 сайлаушы өз дауыстарын берді. Дауыс беру нәтижесімен Аққұм ауылдық округінің әкімі болып Алтынбек Асанбеков сайланды. Ал Мырзабай ахун ауылдық округіне келетін болсақ, елді мекендегі сайлаушы-лар тізіміндегі 668 адамның 516-і өз таңдауын жасаған. Сайлауға түскен үміткер Ж.Әбсаттаровқа 56, Н.Мәлікке 64, Г.Тауыпбаевқа 395 азамат дауыс берді.
Сайлау нәтижесімен Мырзабай ахун ауылдық округінің әкімі болып сол ауылдың тумасы Галым Тауыпбаев сайланды.

Тағы да оқыңыз: