Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Жалағаш ауданы әкімінің ауылдарға жұмыс сапары Ақсу ауылында қорытындыланды. Алдымен атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталған Асқарбек Темірбекұлы бір сәт елдің талап-тілегіне де құлақ түрді.

Аудан басшысы 2023 жылы Ақсуда атқарылатын бірқатар жұмыстарды атап өтті. Ақсу ауылының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық келесі жылы ауыл тұрғындары көгілдір отынның игілігін көреді. Электр желілері толық жаңартылады. Ауылға кіре беріс жол жөнделеді. 10 ауылдық округте учаскелік полиция инспекторларына тұрғын үй берілетін болады. Олардың қатарында Ақсу ауылының учаскелік полиция инспекторы да бар. Тұрғын үй ауыл әкімшілігінің балансында болады. Осыған дейін бірнеше әкімнің тұсында айтылған ауылға кіреберіс жолдың да мәселесіне Асқарбек Темірбекұлы нүкте қойды. 2023 жылы Ақсу мен аудан орталығын жалғайтын жол күрделі жөндеуден өтеді.

Елді мекенде алдағы жылы жүзеге асатын жұмыстар мұнымен шектелмейді. Келер жылы 150 орындық мәдениет үйінің іргетасы қаланады. Одан бөлек толық электр желісі жаңартылғалы тұр.

Жоғарыда 2023-те кіреберіс жолдың күрделі жөндеуден өтетінін айттық. Бірақ Ақсуда жол құрылысы мұнымен шектелмейді. Келер жылы тағы мұнда ішкі 3 көшеге асфальт төселеді. Асқарбек Есжанов ауыл әкіміне халықпен ақылдасып, тағы 2 көшені ұсынуын сұрады. Демек алдағы жылы ауылда 5 көшенің сапасына мән беріледі деген сөз.

Жалпы, аудан басшысының ауыл халқымен кездесуі еркін тақырыпта, сұрақ-жауап ретінде өтті. Аудан басшысымен келген тиіс сала басшылары тік тұрып, ауыл халқының көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Тұрғындар да дән риза, өздері тарапынан ұсыныстар айтып, сұрақтарын қойды.  

Нақтырақ айтсақ, ауылдағы мектепке білім саласының ардагері Бақберген Қожабаев атын беру, жер мәселесі туралы сұрақтар қойылды. Педагогикалық кеңес келіссе, мектептің атын өзгертуге еш кедергі болмайтынын айтты. Жер мәселесіне байланысты заңдылыққа сәйкес зерттеу зерделеу жүргізуге тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берді.

Қорытындылай келсек, бірлігі бекем, тірлігі тиянақты Ақсу ауылында алда атқарылар тірлік те, орындауға тиіс жоспар да жеткілікті. Айта кетейік,  аудан әкімінің Жалағаш кенті тұрғындарымен кездесуі 29 қараша күні өтеді.
 

316241035_1590798068038932_9194421324400154403_n.jpg

Тағы да оқыңыз: