Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжановтың Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2022 жылдың ІV тоқсанындағы халықпен кездесуі Қаракеткен, М.Шәменов, Бұқарбай батыр ауылдық округтерінде жалғасты. Кездесуде аудан басшысы атқарылған жұмыстарды және алдағы міндеттерді кезең-кезеңімен нақты айтып берді.

Жалпы ауданда ауыз су желілері, жол құрылысы. газдандыру, абаттандыру, жарықтандыру бағытында 25 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Еңбек-Есет батыр-Жаңадария» автомобиль жолының ПК-146+70 учаскесіндегі көпір қайта жаңғыртудан өтуде. Жалағаш кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда, М.Шәменов ауылындағы мәдениет үйі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Асқарбек Темірбекұлы Қаракеткен ауылына сапары барысында тұрғындар үшін қуанышты жаңалық келесі жылы демеушілердің көмегімен электр желілері қайта жаңғыртудан өткізілетіні, сондай-ақ аяқ су мәселесі мен кіре беріс жолды жөндеп беретіндігін айтты. Сондай-ақ, ауылда демеушілердің көмегімен жыл соңына дейін балалар ойын алаңы пайдалануға берілетінін де жеткізді.

Сонымен қатар, 2023 жылы 150 орындық ауылдық клубтың іргетасы қаланады. Электр желісі толық жаңартылады. Ауыл халқы риза болған басты жаңалық келер жылы газ тарту жұмыстарының жүретіні.

Ауыл тұрғындары тарапынан дәрігерлік амбулаторияның, арнайы көліктің қажеттілігі туралы мәселе қозғалды. Аудан әкімі амбулаторияға көлік мәселесін шешуді сала басшыларына тапсырса, дәрігерлік амбулатория құрылысы 2024 жылы жүргізілетінін айтты.

Кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Ақмырзаев атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ауыл тұрғындары атынан алғысын білдірді.

Жалпы, ауылдың абаттануына, әлеуетінің артуына қатысты келер жылы жүзеге асатын жобалар мұнымен шектелмейді, біз тек қаржылай қолдау тауып, нақты жүзеге асатын жобаларды ғана тілге тиек еттік. Болмаса келер жылы осы ауылда жұмысын бастауы тиіс жобалар легі жетіп артылады. Олар әлі мемлекеттік сараптамада қаралып жатыр.

Аудан әкімінің кезекті сапары М.Шәменов ауылында жалғасты. 

Биылғы жылы М.Шәменов ауылында 9 көше жөндеуден өткізілген, келесі жылы ауылдағы Бұқарбай батыр көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар ауылдағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мәдениет үйі де жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін болады. Ауылдағы «Мега Агро» ЖШС тарапынан келесі жылы балалар ойын алаңы, тұрғындар үшін сквер және ауылдық мәдениет үйіне 5 млн теңгеге орындықтар алып беретіндігі айтылды. 
 

4.jpg

3.jpg

Тағы да оқыңыз: