Kyzylorda-news.kz. Апта басында Жалағаш аудандық мәслихаттың кезектен тыс 3 сессиясы өтті. Оған аудандық мәслихат хатшысы Өмірзақ Елеусінов, мәслихат депутаттары аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, ауыл әкімдері, сонымен қатар мекеме басшылары мен бақ өкілдері қатысты. Сегізінші шақырылған жалағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс 3 сессиясының күн тәртібінде 5 маңызды мәселе қаралды. 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «2023-2025 жылдарға арналған Жалағаш кентінің және ауылдық округтерінің бюджеттері туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2022 жылғы 27 желтоқсандағы  шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханова хабарлама жасап, аудан бюджетінің салаларға бағытталуы жайында кеңінен тарқатты.

2023 жылға кент, ауылдық округтер бюджетінің көлемі 2 596 009 теңге болып бекітілген. Оның ішінде кент, ауылдық округтердің өз кірістері 158 953 мың, бағытталған субвенция көлемі 1 593 570, жоғары тұрған органдардан бөлінген нысаналы трансферттер 843 486 мың теңгені құрайды. 2022 жылдың қорытындысымен кент, ауылдық округ бюджетінде 8071,8 мың теңге бос қалдық қалыптасқан. Негізінен кент, ауылдық округтер кірістерінің артық түскен түсімдері 6 091 мың теңге және  нақты төлемнен қалған қаржы 1 852,7 республикалық бюджеттен 95,8 мың, облыстық бюджеттен 10 мың, аудандық бюджеттен  29,9 мың теңгені құрайды.

Жұпар Баймаханованың айтуынша, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы N 95-IV Кодексінің 104 бабына сәйкес, өткен қаржы жылында пайдаланылмаған трансферттер республикалық бюджетке  95,8 мың теңге, облыстық  бюджетке  10 мың теңге,  аудандық бюджетке  29,9 мың теңге қайтарылған. Сондай-ақ кент, ауылдық округтерін нақтылау негізінен салық түсімдерінің есепті мерзімге артық орындалуы есебінен  түсімдерін 14 373 мың теңгеге ұлғайту жоспарлануда. Бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен үнемделген қаржыларынан 75 456 мың теңге қысқартылып, сәйкесінше бюджеттік бағдарламаларға қайта бағытталатын болса, 2022 жылдың қорытындысымен кент, ауылдық округ  бюджетінде қалыптасқан бос қалдық есебінен 7851,4  мың теңге, барлығы 97680,4 мың теңге  шығыстарына бағыттау жобалануда.

Содан кейін екінші, үшінші мәселелер бойынша «Жалағаш ауданының әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының құрамын бекіту туралы» Жалағаш аудандық  мәслихатының 2018 жылғы 28 наурыздағы №22-6 шешіміне өзгерістер енгізу туралы және «Сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аудандық комиссия құрамын бекіту туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2018 жылғы 28 наурыздағы №22-7 шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Қайрат Жаппасбаевтың баяндамасы тыңдалды.

Сонымен қатар күн тәртібіндегі соңғы мәселелер бойынша, яғни «Жалағаш ауданының Қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының  2022 жылғы  23 ақпандағы  №15-1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы және «Учаскелік  сайлау  комиссияларын сайлау туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының  2019 жылғы 9 қаңтардағы №36-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы тиісті қызметкерлер баяндама жасап, депутаттар талқысына ұсынылды.

Иә, аудан үшін маңызды мәселелер бойынша ұсыныстарды талқылап, сол бойынша бірауыздан оң шешім шығару асқан жауаптылықты қажет етеді. Мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығын түсінсе керек, баяндама жасаушыларға қосымша сұрақтарын қойып, ұтымды шешім шығаруға ұмтылды. Осылайша сессия қорытындысымен күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты ұсыныстар қолдау тауып, шешім жобалары бір ауыздан бекітілді.

«Иә, бүгінгі сессия отырысының негізгі мәселесі кент және ауылдық округтер бюджеттеріне өзгерістер енгізу туралы, нақтырақ айтсақ, кент және ауылдық елді мекендердің өз кірістерін ұлғайту жұмыстары аясында болды. Өздеріңіз білесіздер, елімізде 2020 жылға дейін 3 деңгейлі бюджет, яғни республикалық, облыстық аудандық болса, 2020 жылдан бастап 4 деңгейлі бюджет енгізілді. Нәтижесінде кент, ауылдық округ әкімдерінің өздерінің тиісті бюджетін дербес жоспарлап, мақсатты және тиімді игеруіне мүмкіндік берілді. Негізгі дербес бюджет кент, ауылдық ок-ругтердің салықтық, салықтық емес түсімдерінен қалыптасады. Бірақ талдау жүргізудің нәтижесінде бүгінде кент, ауылдық округтер бюджеті 3 млрд 81 млн тенгені құрайтын болса, оның 5-ақ пайызы түсімде қалыптасады екен. Бұл дегеніміз кент, ауылдық округтер әкімдерінің түсімдер бағытында жұмыстары әлі де төмен деңгейде екенін көрсетеді. Сондықтан жұмысты күшейтуіміз керек, ең бірінші мақсат – бюджетті дұрыс жоспарлау, қаражатты тиімді және мақсатты игеру», – деді аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов.
 

Тағы да оқыңыз: