Kyzylorda-news.kz. Балалардың мектеп қабырғасындағы оқу уақыты аяқталып, үш ай демалысқа шыққалы бірнеше күн өтті. Барлық білім ошағы оқушыларды демалысқа шығарып салғаннан кейін, жаз бойы балалардың қауіпсіздігі, жалпы жауапкершілігі ата-аналардың өзіне жүктеледі. Ал ата-аналар осы тұста баласының жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалануды ойлайды. Оқу жылын аяқтап, сабақтан алаңсыз босаған балалардың смартфонға тәуелді болып қалуының да алдын алу бүгінгі күннің өзекті мәселесі деуге болады. Ол үшін, әрине ата-ананың баламен етене жақын болуының маңызы зор. Ал жазғы тынығу лагерлерінің міндеті – балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу, мектептегі тәлім-тәрбиесін толықтыру, танымын кеңейтуге жұмыс істеу.
Жалағаш ауданына қарасты «Ақтерек» сауықтыру лагері де жыл сайын ба-лалардың балғын балалық шағының қызықты өтуіне жұмыс істеп келеді. Жалағаш кентінің іргесінде орналасқан лагерь жиырма жылдан астам уақыт бойы мектеп оқу-шыларына қызмет көрсетіп келеді. Орналасқан жері де көрікті, табиғаты әсем. «Ақтерек» биыл да балаларға құшағын айқара ашты. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Асқарбек Есжанов «Ақтерек» сауықтыру лагеріндегі алғашқы маусымның ашылуымен құттықтады.
«Біз – бар жақсымыз балаларға дейтін халықпыз. Біз сіздерге сенеміз, ертең елімізді өркениет өріне шығаратын да, ел басына күн туса, елді, туған жерді қорғайтын да сіздер боласыздар. Сондықтан сіздердің міндеттеріңіз – бос уақыттарыңызды тиімді пайдаланып, саналы тәрбие, сапалы білім алу, есейіп, ер жетіп, елге қызмет ету. Жазғы тынығу лагерінде сіздер демалып қана қоймайсыздар, жаңа достар табасыздар. Достық – ұлы ұғым, «Досы көпті жау алмас» – дейді бабаларымыз. Сол достарың арқылы өрістерің ұзарып, дүниетанымдарың кеңейеді. Достарың көп болса, еңсең де биік болады.
Бар жақсылық – балаларға. Біз балалардың бүгінгі нұрлы өмірі, ертеңгі жарқын болашағы үшін қолымыздан келген жақсылықтың барлығын жасаймыз. Өйткені балалардың болашағы жарқын болса, мемлекеттің де келешегі кемелдене түседі. Ал балалардың лагерде өтетін уақытының қызықты, тағылымды болуы тәрбиешілердің педагогикалық біліктілігіне және әрбір сәтті қызықты етіп ұйымдастыру шеберлігіне тікелей байланысты. Өйткені балалардың лагерден тек бойы ғана өспей, ойы да өсіп, есейіп қайтуы керек, – деді аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлы.
Айта кету керек, «Ақтерек» лагері 1999 жылы асар әдісімен салынған. Содан бері 80 орындық лагерь жылда 6 ауысыммен жұмыс істеп келе жатыр. Қазір лагерьде 4 жатын ғимарат, 1 асхана, 1 медициналық бөлімше, 1 спорт алаңы және 1 бассейн бар. Мұнда оқушылардың жазғы демалысын қызықты өткізу үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Жалпы, тынығу лагерлерінің өз тәртібі, ережесі бар. Тынығушылар мұндағы әр күнін сол тәртіпке сәйкес өткізеді. Танымдық-логикалық, спорттық жарыстар өтіп тұрады. Одан бөлек бой сергіту, ой сергіту және танымдық бағытта түрлі ойындар ұйымдастырылады. Сонымен бірге лагерде сурет, қолөнер, робототехника, полиглот және өрт қауіпсіздігі үйірмелері жұмыс істейді.
– Иә, бала қуанса, әлем қуанады. Олардың қуаныштан бал-бұл жанған жүздерін көру үшін қандай еңбектің де артығы жоқ. Өйткені бала бауыр етің, жүрегіңнің бөлшегі, көңілдің нұры, көздің қуанышы, өміріңнің жалғасы деп білетін қазақпыз. Жүзі басқа, жүрегі бір, мынау дүниені тек жақсылықтан тұратын кішкене жүрек көзімен көретін бүлдіршіндер – өмірдің мәні. Осы жаннан артық, балдан тәтті перзентімізді салиқалы ұрпақ етіп тәрбиелеу – ата-ананың міндеті.
Тәрбиенің өзегі – бала бойына адамгершілік пен рухани құндылықты сіңіру. Құнды қасиеттерді бойына сіңіру, рухани дүниесі жетілген адамды қалыптастыру туған кезінен басталуы керек дейді халық даналығы. Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оған көмектесе алмайсың. Баланы тәрбиелеу де осы секілді, ерте жастан басталса, жемісін береді. Ал балаға тәлімді тәрбие беруде осындай жазғы лагерлердің қосар үлесі зор. Өйткені мұнда балалар тек тынығып қана қоймайды, ортамен араласады, көпшіл болуды үйренеді, өздеріне қызмет көрсетуге қалыптасады, – дейді ата-ана Л.Саймағанбетова.
Жалпы, биылғы маусымда «Ақтерек» сауықтыру лагеріне 6 ауысымда 442 бала, мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлерінде 2028 бала, облыстан тыс лагерлерде 150 баланы демалдыру жоспарланып отыр. Бүгінде аудан кәсіпкерлері мен демеушілердің есебінен 170 бала Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» лагеріне жіберілді. Сондай-ақ 2000-ға жуық бала Түркістан қаласы мен Қорқыт ата ме-мориалды кесенесіне тарихи-танымдық экскурссияға шығатын болады.
Лагердің ашылу салтанатына арналған мерекелік шарадан соң аудан әкімі лагерь асханасымен және жатын орындарымен танысып, сала басшыларына тынығушыларға үнемі қолайлы жағдай жасалып, тазалық пен жайлылықты ұйымдастыруды тапсырды. Ал көптен күткен салтанатты шараға жиылған жұрт пен тынығушыларға арнап аудан өнерпаздары, жас өрендер ән айтып, күй төкті. Сонымен бірге бүлдіршіндер ертегі қойылымдарын қойды. Жазғы лагерге арнайы сыйлықтарымен келген аудан басшылығы мен аудан кәсіпкерлеріне бүлдіршіндер шынайы алғысын білдірді.