Kyzylorda-news.kz. Аудан әкімі осы аптада жұмыс сапарымен Жақсықылыш кентінде болып, әлеуметтік нысандардың жұмыс барысын бағамдады. 

Алдымен аудан басшысы кенттегі дәрігерлік амбулаторияның қызметімен танысты. Емдеу мекемесінің жұмысын көріп, медицина қызметкерлерімен тілдесті. Кентте орналасқан бұрынғы аурухананың бос тұрған бөлігін алдағы уақытта мемлекеттік мекемелердің шоғырланған орталығы ету көзделуде. Ол үшін «Аралтұз» АҚ-ы демеушілік танытып, жөндеу жұмыстарын жүргізуді өз міндеттеріне алатынын жеткізді. Айта кетейік бұл нысанның бу қазандығына табиғи газ қосылған. 

Арал ауданында бой көтеретін 300 орындық 4 «Жайлы мектептің» біреуі осы тұзшылар кентіне тиесілі. Аудан басшысы жаңа білім ұясы бой көтеретін жердің учаскесін көріп, құрылыс сапасын бақылауды жауапты бөлімге жүктеді. 

Мұнан соң елді мекендегі «Асылым» мен «Күншуақ» жеке бөбекжай-бақшасында болып, бала тәрбиесімен айналысып жатқан мекемелердің жұмыс барысымен танысты. 

№19 орта мектебіне барған аудан әкімі ғимарат жағдайымен мұқият танысты. Нысандағы спорт зал, асхана және сынып бөлмелерін аралап, білім ошағындағы білім беру процесін көрді.

Кентте №20 Арал ауданының балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің бөлімшесі жұмыс жасайды. Онда спорттың жеке дара түрлерінен 100-ден аса бала тәлім алады. Алдағы уақытта іске қосылатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылғанда командалық спорт түрлерімен шұғылданатын жастар саны артатын болады. 

Аудан әкімінің жұмыс сапары «Аралтұз» АҚ-да жалғасты. Жаңадан тағайындалған зауыт директоры Айдос Жиенбаев өндіріс орнымен таныстырып, өндірісті арттыру бағытында жасалынып жатқан жобаларын ортаға салды. 

Мұнан кейін ауылдық клуб ғимаратында тұрғындардың ұсынысын тыңдады. Ауыл ардагерлері мен тұрғындар өңірдегі шешімін табуды қажет ететін мәселелерді аудан басшысының назарына ұсынды. Жақсылыштықтар өз кезегінде жол мәселесін, Аралтұз мекемесінің қызметкерлерінің әлеуметтік мәселесін көтерді. 

Аудан әкімі биылғы жылы кентте «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрайтын 12 көшені асфальттау жұмыстарының жүргізілетіндігін жеткізді. Ал Аралтұз мекмесіне қатысты жергілікті әкімдік мекеме басшылығымен келісе отырып қызметкерлерді қолдау шараларын қолға алатындығын айтты. 

Сондай-ақ кент тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, жауапты сала басшыларына тұрғындар өтінішін аяқсыз қалдырмай, заң аясында шешуде мүмкіндіктерді қарастыруды міндеттеді.

Тағы да оқыңыз: