maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданындағы Жайылма ауылында жерге дән себіле салысымен сұраныс артуда. Әсіресе, ел нарығын түгендеп, көрші Ресей еліне экспортталуға жұмыс жасалып жатыр. Диқаншылардың айтуынша биыл да еңбек еш кетпейтіндеріне нық сенімді. Өйткені, жер жрден, тіпте өзге елдерден де келіп, алдын ала келісіп кетіп жатқандар да бар екен. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолының бойынан ауылға бұрылар тұста көше саудасы қызу жүруде. Көліктердің қарасы аз емес, өйткені Жайылманың қарбызын алуға құмар жұрт сауданы қыздыруда. Сырттай бақылап, тұтынушыларды сөзге тарттық.

«Түркестан қаласынан жұмыс барысымен Сыр өңіріне келе жатқан бетім. Біздің өңірде де қарбыздың түр-түрі бар. Дәмі де тамаша, бірақ Жайылманың қарбызы ел аузында болған соң арнайы тоқтаған түріміз. Керемет, еңбеккерлердің ісіне береке берсін», – деді Алтай есімді ағамыз.

«Етікші етікке жарымайды» демекші, бір қызығы аудан орталығында жайылмалық диқандардың өнімін кездестіру тым қиын. Тіпті жоқ деуге болады. Оны да саралармыз кейін. Сонымен ауылға да келдік. Жол бастаушы ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Икрам Абуов шаруалардың еңбегі жайлы құлақ-қағыс етті.

– Жайылма қарбызымен танымал ауылда жыл өткен сайын бақша дақылдарын ерте пісірудің әдісін дамытуды жолға қойдық. Оның тиімді әдісі – көшеттеп егу. Оңтүстік өңірден келген тәжірибені кәсібімізге идірдік. Нәтижесі жаман емес, – деді жауапты маман.

Жалпы аудан бойынша қарбыздың көлемі 2000 гектарға жетті. Оның ішінде, жайылмалық диқандардың үлесі 500 гектардан асады. Негізі ауылдағы 14 шаруашылық бақша өніміне, көбіне қарбызға басымдық береді. Биылғы өнімнің бастамасы нәтижелі. Солардың қатарында Абай Тұрсынбайұлы да бар. Осыдан 4 жыл бұрын ауылда алғаш рет қарбыздың жаңа тұқымын егіп, мол өнім жинады. Ол ауылда бұрын егілмеген «Фарао Ф1» деп аталатын голландиялық ұрықты жерсіндірді. Әуелі 1 гектар аумаққа тәжірибе ретінде еккен қарбызы санаулы күнде «қазан» болды. Себебі, элиталы қарбыз түріне нарықта сұраныс жоғары. Сопақ пішінді қарбызды ауылдастары ауызекі тілде «қозы қарбыз» деп атап кеткен. Өйткені, сопақша қарбыз жерде томпиып жатқан қозыға ұқсайды екен.

– Негізі диқаншылық біздің отбасылық кәсіп. Атакәсіпті арқау еткелі 20 жылдан асты. Ризық-несібемізді осы жерден табамыз. Үйдегі жеңгең ерте көктемде бақша өнімдерінің тұқымын сатумен айналысады. Содан маған: «Фарао Ф1» деп аталатын голландиялық тұқым бар екен. Алайда жай тұқымнан бағасы он есе қымбат. Ал, өнімі жақсы» деп кеңесін айтты. Шынында жай қарбыздан ерекшелігі көп екен. Элиталы тұқым болғандықтан нарықта сұраныс жоғары болды. Бірақ, оны уақытша тоқтатып, қайта өзіміз үйренген қарбызға көштік.

Былтардан бастап ауылдағы ағайын мал азығына мән бере бастады. Өйткені, қарбыздың науқанынан кейінгі күнкөріс мал шаруасы болғандықтан кейін, Сыр беткейге жол жүрмей, ауылдана-қ жем-шөпті қажетіне жаратуға дайын. Жем демекші, ауылда Мұхтар Оспанов үш жылға жуық ауылдан құрама жем шығаратын шағын цехын іске қосқан болатын.Үнемі ізденісте жүретін Абай биыл алғаш рет гектарлап картоп егуде. Жоғарыда айтқандай, қарбыздың өзге тұқымын жерге тастаса, енді қара жерге картопты егіпті. Біз егін басынан Абай ағамызды достарымен және қолғанаты болып жүрген ұлымен жолықтырдық. Картоптың түбіндегі арам шөптерін жұлып, астын қопсытуға дайындауда екен. Биыл картоп көңілдегідей болса келер жылы көлемін көбейтіп, нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Өте орынды, өйткені, карбызбен тоқтамай, басқа да өнімдерге бет бұрғаны құба-құп. Иә, еңбек адамының әрбір сәті бағалы, күні-түні егісінің басында жүретін жандардың адал еңбегі қашанда құрметке лайық.

Жалпы биыл тау беткейдегі ауылдардың хал-ахуалы жақсы деуге болады. Өйткені, су қоймаларының арнасы толды. Мәселен, Жайылмадағы Жиделі, Ақүйіктегі Көлтоған, Жаманбай батырдағы Бесарық су қоймаларында диқандар мен шопандар пайдалануға жетерлік тіршілік нәрі бар. Бірлік ауылы тұсындағы агроаймақ пен Жайылманың қарбызы да аяқ судан тарықпады. Былтыр су болмай, керіз суын пайдаланып, мол өнім алған дала еңбеккерлерінің шаруасы ширақ.

Қазақта «егін ексең – ебін тап» дейтін тәмсіл бар. Абай ағамыз секілді бақша өнімін әртараптандырып, нәр беріп, мол өнім алғаны еңбектің ақталғаны. «Жерге еткен еңбек, жерде қалмайды» деген осы.

«Бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын». Бұл Президент пәрмені. Биылғы Жолдаудағы он басымдықтың бірі – экспорт әлеуетін арттыру. Яғни, Мемлекет басшысы отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегилық жолын тауып, ілгерілетуді айрықша атады.

Осы тұста, өткен жылы Жайылманың бренді болған бақша өнімдері де шетел асты. Жалпы, аудан бойынша 4854 тонна бақша өнімі экспортталса, оның 4754-і жайылмалық диқандардың дәмді қауын-қарбызы. Шаруа қожалықтың еккен дақылы мен гектарын және ауылдағы ауыл шаруашылығы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жетерлік. Биыл «Бектас» ш/қ 40 га, «Жиделі» ш/қ 45 га, «Шоқымазар» ш/қ 34 га, «Мырзатай» ш/қ 28 га, «Өтеш» ш/қ 26 га, «Береке и О» ш/қ 22 га, «Асхат» ш/қ 21 га, «Диқанбаба» ш/қ 11 гектар аумаққа дәнді дақыл еккен. Оның ішінде, ауылдық округ бойынша 28 гектар аумаққа қарбыз көшеті отырғызылып, бүгінде түйнектеу алдында екен.

«Жайылма ауылы қашанда бақша және көкөніс өнімдерімен танымал. Жылдан жылға бақша дақылдарын ерте пісірудің әдісін дамытып, көшеттеп егу тәсілін қолға алғалы жақсы нәтиже беруде. Десе де, биыл қауын дәні жерге себілмеді. Өйткені, платинада жиналған су тек 90 күндік қарбызды пісіруге жетеді. Ал, қауын ары қарай мерзімі созылатындықтан су жетпей қалу ықтималдығын ескеріп, басымдықты қарбызға бердік. Сәтін салса, ауа райы қарасып, уақытылы суғарылып тұрса, Жайылманың қарбызы ағымдағы жылдың шілде айының 10-на дейін пісіп қалады. Оған қоса, су үнемдеу мақсатында 83 гектар ескі жоңышқаны бір суаруға іліндіріп, қазіргі таңда бірінші орымды жинап жатырмыз», – деді ауыл әкімі.

Сондай-ақ әкім ауыл шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру бағытында нәтижелі жұмыс жасап жатқандығын жеткізді. Шаруа қожалықтарында мал азықтарын дамыту үшін 30 га дәндік жүгері және жеке шаруашылықтар 25 га, көкөніс 30 га картоп еккені белгілі болды. Оған қоса, мемлекеттің қолдауын сезініп, демеу қаржыға ие болған қожалық иелерін атады.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жергілікті жерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға баса назар аударуға пәрмен берген болатын. Бұл бағытта кәсіпке ынтасы бар азаматтарға мемлекет тарапынан толыққанды қолдау көрсетілуде. Осы тұста, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы жайылмалық тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, кәсіптерінің бастау алуына ұйытқы болуда. Биылдың өзінде аталмыш қолдау қорынан 11 кәсіпкер 6 пайыздық несиелік мөлшермен 20 миллион қаржы алып, бақша өнімдерін егуді бастап кетті – деген ауыл әкімі елдімекенде кәсіпкерлер саны да күн санап артып келе жатқанын тілге тиек етті.Жайылма ауылдық округі бойынша бүгінде 33 кәсіпкер заң жүзінде салық органдарына тіркеліп, кәсібін өрге дөңгелетуде. Оның 11-і әлгінде айтқан бақша өнімдерін егумен айналысса, қалғаны түрлі салалық бағытта бизнесін жүргізуде екен. Қолдау қорынан бөлек, жақында ғана ауыл тұрғыны Кенбаев Самат «Өңірлік қаржы орталығы» арқылы 2 млн 200 мың теңгеге қол жеткізіп, мал бордақылау бағытында атакәсіпті бастап кетіпті. Оған қоса, осы қаржы орталығы арқылы құрама жем цехын ашқан Мұхтар Оспанов биыл алғаш рет «Сенім» шаруа қожалығына тиесілі 10 га аумаққа жүгері еккен. Цехқа қажетті шикізатты жинап алғаннан кейін, ауданды жеммен қамтамасыз етуге бел буып отыр. Қазіргі таңда «қимылдағанның қыр асатынын» елдің бәрі біледі. Жастайымнан осы егіншілік кәсіпке бейім болып, несібемді осы саладан таптым. Десе де, тұтынушы саны артқан сайын, кәсібімді кеңейту басты мақсат болатын. Содан мемлекет қамқорлығын сезінбек ниетте «Өңірлік қаржы орталығы» арқылы қомақты несиеге қол жеткіздім. Шүкір, қазір дамудың даңғыл жолына түсіп, шағын цехтың шырайы кіре бастады», – дейді Мұхтар Оспанов.

Иә, мемлекет отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдай жасады. Енді жаһандық нарыққа шығатын, бәсекеге қабілетті өнім шығару – барша шаруалар мен диқандардың іскерлігін шыңдай түседі. Бұл өз кезегінде Елбасы Жолдауында айтылған бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілеуге мүмкіндік береді. Шетел нарқын бағындыруда жайылмалық диқандардың да өзіндік орны айрықша.

Тағы да оқыңыз: