Kyzylorda-news.kz. Эмоциялық интеллекті жоғары адамдар көбіне қиын жағдайларды оңай өткереді. Бірақ кейде ең мықты тұлғалардың өзі эмоциялық дағдарысты бастан кешіреді. Жұмыстағы немесе жеке өмірдегі проблемалар, отбасылық келіспеушіліктер немесе ақталмаған үміттер – күнделікті уайымдар күйзеліске түсудің себебіне айналуы мүмкін. Негатив эмоциялармен күресуге көмектесетін бірнеше кеңес ұсынамыз.
Тыныс алу тәжірибесін меңгеріңіз
Тыныс алуға зейін қою — тыныштық күйіне түсудің ең қарапайым әрі ежелгі әдісі. Шығыс тәжірибесі бойынша, дұрыс тыныс алу — мықты денсаулықтың және ішкі тепе-теңдіктің кепілі.
Күйзелісті түсіруге көмектесетін көптеген қарапайым тыныс алу тәжірибелері бар. Мысалы, солардың ішінде кең таралған түрлерін меңгеруге болады:
- Бірқалыпты тыныс алу. Көзіңізді жұмып, барынша босаңсуға тырысыңыз. Бір минут бойы тыныс алуыңызды бақылаңыз: ол бірқалыпты болуы керек. 3 секунд дем алып, 3 секунд дем шығарыңыз. Бұл жаттығу әр жасаған сайын оңай бола түседі.
- Көкеттік тыныс алу. Мұрын арқылы ішке терең дем алып, оны ауызбен шығару керек.
- 4-7-8 техникасы. Бұл техниканы орындау үшін жерге жату керек немесе қабырғаға созылып тұру керек. Ауызбен дем шығарып, төртке дейін санап, мұрынмен дем жұтыңыз. Дем алмай, жетіге дейін санап, сегізге келгенде ауызбен дем шығарыңыз. Оны 3-5 рет қайталау ұсынылады.
Сезімдеріңізді қабылдаңыз
Кейде жағымсыз эмоциялармен күресудің ең жақсы әдісі — оларды қабылдау. Егер қатты ашулансаңыз, оны мойындаңыз және негатив сезімдердің де қалыпты екенін түсініңіз. Қиын сәттерде өзіңізді сырттай бақылаңыз. Сіздегі мұндай эмоцияларды қандай әрекеттер, адамдар немесе жағдайлар тудыратынын анықтауға тырысыңыз. Бұл күйзелістік жағдайларды барынша азайту үшін өміріңізді қалай өзгерту керегін түсінуге көмектеседі.
Спортпен айналысыңыз
Таза ауада немесе залда жүгіру, аэробика, созылу, кешкі серуендер — физикалық белсеніліктің кез келген түрі негатив сезімдермен күресуге көмектеседі. Жаттығу процесі кезінде ағза адреналин мен норадреналин шығарады. Ол күшті сезінуге және көңіл күйді жақсартуға көмектеседі. Жүйелі түрде жаттығу күйзелістің азаюына ықпал етеді.
Жылауға ұялмаңыз
Жиі ересектер жылауға ұялады және көз жастарын жасыруға тырысады. Алайда жастан ұялмау керек. Зерттеулер эмоциядан пайда болған жаста пролактин арнайы гормондарының көп мөлшері және адренокортикотропты гормонның барын дәлелдеген. Біз жылағанда бөлінетін окситоцин мен эндорфиндер эмоциялық және физикалық ауыруды жеңілдете алады. Өзімізге жылауға мүмкіндік беру арқылы психикаға тепе-теңдікті қалпына келтіруге көмектесеміз. Сондай-ақ, жылау ағзаға тыныштандыратын әсер береді және босаңсуға көмектеседі.
Жағымсыз эмоцияларыңызды қағазға жазыңыз
Адамдар көбіне бұл қарапайым психологиялық әдісті бағаламайды. Мамандардың айтуынша, қағазға өз уайымдарымыз бен эмоцияларымызды жазу арқылы біз проблемаға саналы түрде қарай отырып, одан арылуға алғашқы қадам жасаймыз.
Уайымыңыз бен эмоцияларыңызды жазатын арнайы блокнот алыңыз. Проблеманы қаншалықты егжей-тегжейлі жазсаңыз, соншалықты жақсы. Содан соң қағазды ұсақтап жыртып тастауға немесе жағып жіберуге болады.
Шығармашылықпен айналысыңыз
Арт-терапия мен шығармашылықтың үлкен терапевтік потенциалы бар. Сурет салу арқылы ұсақ моториканы іске қосасыз, қиялды және көру арқылы есте сақтауды жақсартасыз, сондай-ақ мидағы жаңа нейрондық байланыстарды белсенді етесіз. Ол негативті көзқарастардан арылып, күйзелісті өткеруге көмектеседі.
Қажет емес заттардан арылыңыз
Физикалық деңгейде тазару эмоциялық фонды ретке келтіруге көмектеседі. Үй жинаңыз: шкафтардың іштерін реттеңіз, керек емес киімдерден және жырығы бар ыдыстардан арылыңыз. Кеңістікті оңтайландыру және қажет емес заттардан арылу ағзаға күйзеліспен күресуге көмектеседі әрі көңіл күйді көтереді.