Kyzylorda-news.kz Жазғы демалыс маусымының қызған шағында Қамбаш көлінің жағалауында тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Осыған орай аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен жағажай аумағында кәсіпкерлер мен демалушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді.

Іс-шараға аудан әкімдігінің жауапты мамандары, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты. Мамандар демалыс орындарын аралап, қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы жадынамалар таратты.

Кездесу барысында өрт қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлерге сауда және қызмет көрсету нысандарында өрттің алдын алу шараларын сақтау, электр желілері мен құралдарын қауіпсіз пайдалану, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жарамдылығын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі түсіндірілді.

Сонымен қатар су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Мамандар азаматтарды тек арнайы белгіленген орындарда шомылуға, қауіпсіздік белгілерін ескеруге және суда абай болуға шақырды. Әсіресе ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау, олардың су жағасында қауіпсіздігін үнемі бақылауда ұстау қажеттігі ескертілді.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері демалыс орындарында тазалықты сақтау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастау, тамақ өнімдерін сақтау және сату кезінде санитариялық талаптарды қатаң орындау мәселелеріне тоқталды. Бұл талаптардың сақталуы демалушылардың денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқаратыны айтылды.

Арал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Демалушыларға қоғамдық орындардағы тәртіп нормаларын сақтау, өзара сыйластық таныту және заң талаптарын орындау қажеттігі жеткізілді.

Мұндай профилактикалық шаралардың негізгі мақсаты – Қамбаш көлінің жағалауында қауіпсіз әрі қолайлы демалыс ортасын қалыптастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру. Аудан әкімдігі жазғы маусым бойы қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстап, тиісті мекемелермен бірлескен жұмыстарды жалғастырады.

Тағы да оқыңыз: