Kyzylorda-news.kz.  Жалағаштағы жыл сайын ұйымдастырылатын бақша өнімдерінің жәрмеңкесі биыл да жалғасын тауып келеді. Ал Жалағаш халқына ұсынылған егінжай өнімінің бағасы арзан болғанымен, сапасы сын көтереді. Сонау күзден бері ұйымдастырылып келе жатқан жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Өйткені сапалы өнім ешқашан сұраныстан түспейтіні белгілі.

Жалағаштықтар үшін биыл берекелі жыл болды. Алажаздайғы адал еңбектің нәтижесін, жемісін көретін шақ күз мезгілінде де толайым табыстарға қол жеткіздік. Бәрімізге белгілі кеше 19 наурыз күні елімізде саяси науқан өтті. Бұл сайлауда аудан халқы да белсенділік танытып, өз таңдауын жасады. Сонымен бірге ел үшін маңызды күні дала диқандары ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде азық-түлік түрлерін ұсынды. Нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен сатылған бақша өнім-дері ә дегеннен-ақ сатылып кетті. Өйткені бұған дейінгі жәрмеңкелерде мүмкіндігі болмаған аудан тұрғындары осы жәрмеңкеде мүмкіндікті қолдан жібермеді. 

Иә, қыс қамын жазда ойлайтын халық үшін жәрмеңкелердің тиімді тұсы көп-ақ. Жалағаштықтар асыға күтетін өткен сенбідегі жәрмеңкеде де бақша өнімдерінің барлық түрі сатылымда болды. Әсіресе базар нарығынан төмен бағамен сатылған ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс өте жоғары. Өйткені жәрмеңке болатын күні халық арнайы орынға ағылып, картоп, сәбіз, пияз секілді өнімдерді қаптап сатып алып жатты. Сатылымда болған ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен бағасының тұрақтылығында ешқандай кемшілік болмағанын байқадық. Өйткені жәрмеңкеде кезіктірген әр тұрғынның ризашылығын естіп, сатушылардың көңілі тоқ екенін де бағамдадық. 

Сапалы өнім әрқашан сұраныстан түспейтінін жеткізген кент тұрғыны Ж.Молдиман бұған дейінгі жәрмеңкелерде де сауда жасағанын жасырмады. 

«Өткенде де алтын дән мерекесі қарсаңында жәрмеңке ұйымдастырылды. Ол кезде де ауыл шаруашылығы өнімдерінен шамамыз келгенше сатып алдық. Бағаның көңілге қонымдылығы, өнімнің сапасы көңілімізден шыққан еді. Мен аудан диқандарының алажаздайғы адал еңбегіне алғыс айтар едім. Дала дарабоздарының ысырапсыз жиған өнімінің мол болғандығынан ауданда жәрмеңке қайта-қайта ұйымдастырылуда. Мұның өзі біз үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын», – дейді ол. 

Жәрмеңкеде ұсынылған өнімдер тек бақша өнімдері ғана емес, ет, балық секілді азық түрлері де жалағаштықтардың сұранысынан табылды. Өнімін халыққа ұсынған саудагерлердің де көңілі тоқ. Өйткені ешкімнің өнімі сатылмай не болмаса сұраныстан түсіп қалған жоқ. Барлығы да қарапайым халықтың көңілінен шықты десек, артық айтқандық емес. Әсіресе кент тұрғындары айтулы күні осындай мүмкіндік жасап, жәрмеңке ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді. Жәрмеңкеге келушілердің барлығы дерлік бағаның арзан екенін және ұсынылған өнімдердің сапасын атап өтеді. 

«Бүгінгі азық-түлік өнімдерінің бағасы маған өте қолайлы, өйткені барлық өнімдер қолжетімді. Картоп, сәбіз, пияз, ет, тіпті балықтың да бағасы базардан әлдеқайда төмен екенін байқадым. Сондықтан осы жерден сауда жасадым. Күнделікті көп тұтынатын азық-түлік түрлері болғандықтан, үнемі алып тұрамыз. Мен өзім осындай жәрмеңкелер ұйымдастырылған кезде молынан алып қоямын. Сол кезде қалтаға ауыр тимейді. Әрі өзіміздің жергілікті өнім болғандықтан сапасы да жоғары екені даусыз. Аудан орталығында жыл сайын осындай жәрмеңкелер өткізілетініне, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенеміз», – дейді кент тұрғыны А.Төлеген.

Айта кетейік, саяси науқан күні ұйымдастырылған жәрмеңкеге жергілікті ша-руашылықтар 15 көлікпен 30,5 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізген. Ал сапалы өнімнен алған аудан тұрғындары болса, еңбеккерлердің еңбегіне алғысын айтып, шараны ұйымдастырушыларға да дән риза болды.

Тағы да оқыңыз: