Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысы орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. «Қала күніне» орай ұйымдастырылған ауқымды шараға қазалылықтар да белсене қатысып, тұрғындарға арзан бағада ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды.
Қазалы ауданының жәрмеңкесіне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы келіп, аудан шаруаларының ұсынған өнімдерімен танысты. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мұндағы барлық өнімдердің тұрғындарға нарықтағыдан төмен бағамен босатылып жатқанын жеткізді.
Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев пен Қ.Яссауи көшелерінің қиылысындағы жәрмеңкеде халықтың қарасы қалың болды. Қаланың әр түкпірінен келген тұрғындар өздеріне қажетті өнімдерді көптеп алып, барлығының бағасы облыс орталығындағы нарықтан 10-15 пайызға төмен сатылғанына дән риза.
«Қазалы ауданының жәрмеңкесінде барлық азықтың түрі бар. Ауданның брендіне айналған «Қазалы» конфетіне сұраныс жоғары болып тұр. Арнайы іздеп келіп жатқандар да бар. Жәрмеңкедегі баға көңілімнен шықты», - дейді қала тұрғыны.
Қазалылық еңбеккерлер 70 автокөлікпен жәрмеңкеге 150 тоннаға жуық өнім алып келді. Атап айтқанда, 8 тонна күріш, 60 тонна картоп, көкөніс, 15 тонна бақша өнімдері, 1,5 тонна ет, 2,5 тонна сүт өнімдері, 12 тоннадан астам балық және 1,5 тонна «Қазалы» конфеті және тағы басқа өнімдер бар.

