Kyzylorda-news.kz. «Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы еліміздің шалғай станцияларында өз жұмысын жалғастыруда. Медициналық мамандардың кеңесі мен көмегінеөңірлер тұрғындары жүгінуде.

Қазіргі уақытта медициналық пойыз Қызылорда облысына аялдап, онда 11 станцияның тұрғындарын тексереді: 11-12 тамыз Абай, 13-14 тамыз Аралқұм, 15-16 тамыз Қамыстыбас, 17-18 тамыз Бекбауыл, 19-20 тамыз Байқожа, 21-22 тамыз Бостандық, 23-24 тамыз Қаракеткен, 25-26 тамыз Қараөзек, 27-28 тамыз Майлытоғай, 29-30 тамыз Бесарық және 31 тамыз-1 қыркүйек Сауран. Пойыз бағытына барлығы 7 облыс кіреді. Атап айтар болсақ, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары.

«Жәрдем» консультациялық-диагностикалық пойызының дәрігерлері Батыс Қазақстан облысының 9 станциясының 5721 тұрғынын тексерді. Оның ішінде 4122 ересек, 1599 бала. Дәрігерлерге қаралудың жалпы саны – 19 793.

«Батыс Қазақстан облысында терапевт/педиатр мамандарына 4992 адам, хирургке 1844 адам, урологке 423 адам қаралды. Көз дәрігеріне де көп адам қаралды – 1970 адам, құлақ және мұрын дәрігерін – 2112 адам, гинекологке – 750 адам, тіс дәрігеріне – 1608 адам. Медициналық пойызда 944 ЭКГ жасалып, 1060 УДЗ, 82флюорография өткізілді. Облыс тұрғындарының арасында ең жиі кездесетін аурулардың қатарына варикоз, артроз, созылмалы ринит, аденоидты гипертрофия, холецистит, панкреатит, артериялық гипертензия, аллергия (полиноз), дерматит, катаракта жатады. Балалар арасында миопия, аллергиялық ринит, аллергиялық дерматит», – деп атап өтті «Жәрдем» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.

Медициналық пойыздың мамандары тұрғындарды қабылдау кезінде оларды жіті тексеріп, тегін медициналық көмек көрсетеді. Ұзақ мерзімді стационарлық емдеу қажет болса, жақын маңдағы медициналық мекемелерге жолдама беріледі. Жергілікті тұрғындар көбіне жақын маңдағы ауылдардан елдімекенде жоқ мамандардан кеңес алуүшін келеді.

Батыс Қазақстан облысында тұратын ақсақалдардың бірі Ибатулла Бижанов ақ халаттыларға өзінің ерекше алғысын айтты.

«Кентімізге арнайы келіп, тұрғындарға емделуге көмектескеніңіз үшін үлкен рақмет. Бізге дәрігерлер құнды кеңес берді, қажет мамандарды да араладық. Біз оны өте бағалаймыз», – дейді Ибатулла Бижанов.

Сондай-ақ Алғабас станциясының бастауыш сынып мұғалімі Райхан Қожанова да ауыл тұрғындарының атынан дәрігерлерге осындай шалғай жерлерді аралап, тегін көмек көрсетіп жүргендеріне ризашылығын білдірді.

«Дәрігерлер өте мейірімді, әр науқасқа мұқият қарайды, бәрі бірлесе жұмыс істейді. Дәл осындай көмектен кейін мемлекетке керек екенбіз деген сезім пайда болды.Ауылдастарымыздың атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Жыл сайын келіңіздер», – деді мұғалім.

Медициналық пойыз құрамында бүкіл ағзаның ауруларын толық тексеру мен ауруды алдын алу үшін қажет мамандар жұмыс істейді. Әртүрлі бейіндегі білікті мамандар қатарында: терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог, психолог және дерматовенеролог бар.

Естеріңізге сала кетейік, «Жәрдем» медициналық пойызы 23 мамырдан 6 қарашаға дейін 80 станцияға барады, онда шалғайдағы ауылдар мен теміржол разъездерінен 43 мыңнан астам пациент білікті медициналық көмекпен қамтылады деп жоспарланып отыр. «Саламатты Қазақстан» пойызымен бірлесіп, медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ шалғай станциялардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіледі. «Саламатты Қазақстан» екінші медициналық пойызы Павлодар облысында жұмыс жүргізуде.

«Медициналық пойыздар» жобасы алғаш рет 2010 жылы іске қосылды және жыл сайын 2019 жылға дейін жүзеге асырылып келіп, пандемия кезінде үзіліс жасалды. Осы кезеңде «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» консультативтік-диагностикалық үш пойызы Қазақстанның 1700-ден астам шалғай өңіріне барып, 488 880 тұрғынды тексерді.

Медициналық пойыздардың қозғалыс кестесі туралы нақты ақпаратты жобаның www.medpoezd.kz ресми сайтынан немесе 8 7172 60 45 94, 8 701 206 15 40 нөмірлері арқылы, сондай-ақ @medpoezd.kz Instagram парақшасынан біле аласыздар.

Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асыруда.

Тағы да оқыңыз: