Kyzylorda-news.kz    Арал ауданы Ақшатау ауылының азаматы Күмісбек Айжарықұлы 9 маусым күні ұлды болды. Қызығы сол жұбайы Ақбілек Жақсылық перзенті Сартайды Павлодар – Қызылорда пойызының вагонында босанған. Бұл сәби жастардың тұңғышы екен.

Сегіз айлығында анасының құрсағынан жарық дүниеге асыққан періште бүтін бір вагонды басына көтеріпті. Сәтін салғанда жолаушылар пойызында дәрігерлер болып, аяғы ауыр келіншекке алғашқы көмек көрсеткен. Күмісбек көзқуанышын бірнеше күн өткен соң перзентханадан шығарып алды. Дегенмен де жарымен бірге өткізген отарбадағы көңіл күйін, қобалжуын, толқынысын әлі баса алмай жүр. 

– Мен алғаш рет әке атанып отырмын. Кішкентай нәрестені сыйлаған келіншегіме рақмет айтамын. Дәрігерлер мен жолсеріктерге де ризашылығымды жеткізгім келеді. Солардың арқасында балам жол үстінде дүние дидарын көрді. Сәбидің салмағы үш келіге жуықтайды. Бойы 52 сантиметр болыпты, – деді жас әке.

 Ақбілек баласымен бірге перзентханада үш күн ем алған. Қазір сәбидің денсаулығы жақсы.

– Жедел жәрдем бізді межелі жерге жеткізе алмайтын болған соң пойызға құқық қорғау қызметкерлерімен бірге отыруға тура келді. Баланы түнгі сағат үш пен төрттер шамасында босандым.Маған Мағрипа Аппасова, Ұлмекен Қожасова, Оразкүл Бірімжанова сынды мамандардың қолдауы ерекше күш берді, – дейді А.Жақсылық. 

Айта кетейік, бүгінде пойыз жолсеріктері жолаушыларға алғашқы медициналық көмек көрсетумен қатар, қажет болғанда жүкті әйелдерді босандырып алады.

– Жолсеріктердің біліктілігін арттыруға ерекше мән береміз. Бұл бағытта мамандарға арналған тренинг, семинарлар ұйымдастырылады, оның ішінде әдеп этикасы, стандартты қызмет көрсету, эмоцияны басқара білу, күйзеліске төтеп беру тағы сол сияқты дағдылар бар. Қызметкерлерді бұл қасиеттерге жұмыс барысында қолдану үшін үйретеміз, себебі жолсеріктер пойызда түрлі жайттарға тап болып жатады. Соңғы үш жылдың ішінде пойыздарда 15 нәресте дүниеге келді, оларды біздің жолсеріктер босандырып алды, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Жәнібек Тайжанов. 

 

Айдар САЙЛАУОВ
Фото:imghub.ru

Тағы да оқыңыз: