Kyzylorda-news.kz  Желіде Салтанат есімді келіншектің күйеуінен қорлық көрген видеосы тараған еді. Жолдасынан соққы көрген әйелдің бұрынғы күйеуі жағдайға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ким Александр есімді ер адам сөзінің басында әуелі экс-жұбайының ата-анасы мен жақындарынан кешірім сұрады.

“Менің әрекетімде ақтау жоқ. Салтанатқа ешбір жағдайда қол көтермеуім керек еді. Біз онымен 11 жыл бір шаңырақ  астында жақсы өмір сүрдік. Бір-бірімізді жақсы көрдік. Өзгелерге үлгілі отбасы болдық. Екеуміздің төрт бала-шағамыз бар. Ажырасқаннан кейін, отбасымызды жақсартуға тырыстық. Алматыға келгенде жақсы кездесу өткіздік. Үй жаққа жетіп, подъезге кірген соң оның телефонын сұрадым. Себебі оның және балалардың фотосуреттерін көргім келді. Сол кезде телефонынан өзге ер адаммен түскен суретін байқадым. Бұл қызғаныш сезімі болса керек. Телефонын алып, жерге ұрып-соғып, сындырдым", - деді ол.

Сондай-ақ ол әйелін қатты ұрмағанын, жәй ғана қолын сермеп, итеріп жібергенін жеткізді.

"Видеодан Салтанатқа соққы жасалғанын көрдіңіздер. Дегенмен, оны қатты ұрмадым, жәй ғана қолымды сілтеп жібердім. Өтірік айтып тұрғаным жоқ. Кездесуден соң бірден Тараз қаласына кеттім. Ал жағдайға қатысты Салтанаттың полицияға арыз жазғанын видео жарияланған соң білдім. Оның бетінде ешқандай сызат, жара, қан кету немесе көгерулер жоқ. Бұл оқиға 4 сәуірден 5 сәуірге қараған түні болды. Болған оқиға үшін әділ жазамды алуға дайынмын. Бірақ нақты әділ болғанын қалаймын. Бишімбаев ісі бойынша сот процесі жүріп жатқанда, бұрынғы министр секілді жария түрде жазалауды қаламаймын. Бұрынғы әйелімнің бұл әрекетін түсінбей отырмын. Мұны неге істегенін түсінбедім", - деді Ким Александр. 

Фото: Видеодан скрин

Тағы да оқыңыз: