Kyzylorda-news.kz. Жаратылыс заңы бойынша ұрпақ пен ұрпақ алмасып жатады. Осы аралықта өзінің өнегелі ісімен, ізгілікті ізімен көптің көкейінде қалып, есімі үнемі ескеріліп тұратын тұлғалар болады. Жалпы өмірде көргені мен түйгені мол, қызметтің талай сатыларынан өткен, ауданның бірнеше басшысымен қызметтес болған, мақтан тұтарлықтай шәкірттер тәрбиелеп, өмірде адамгершілік пен азаматтықты бәрінен биік қойған, қандай бір жетістігі болсын мақтануды, «мен атқардым», «мен істедім» деуді білмейтін, еңбегін пәлденбеген, табысының да ішкі сырын айтып жар салмайтын азаматтардың бірі – менің бүгінгі мақалама арқау болып отырған ауданның «Құрмет  азаматы» Жаңаберген Саденов.

Мен Жаңабергенді сонау бала кезімнен білемін. Бір ауылдың түлегіміз. Сол кісінің ізін қуып жұмыс жасасақ, кейіннен бірге қойын-қолтық қызметте болдық. Ол кісі туа бітті мұғалім, аудан кадрларының ұстазы болды. Мен «Сіз маған сабақ берген жоқсыз, сондықтан да маған мұғалім, ұстаз емессіз» десем, «иә, сен дұрыс  айтасың» деп сыпайы ғана жауап қайтаратын. Бірақ ол кісі өмірде мен үшін шынайы ұстаз болғаны анық. Осындай ұзақ жылғы қызметтік кезеңде алған әсерімді жоғарыда келтірдім. Ол кісінің өмір жолы мен атқарған істері жайлы қалың том кітап жазуға болады. Бірақ ол менің қолымнан келмейтін жүк. Олай болса ұстазымды мақтан тұта отырып оның бойындағы естіген, өзім куә болған тек белсенді қызметтері жөнінде қысқаша хабардар етуді жөн көрдім.

Жаңаберген Сәденов 1934 жылдың 10 мамырында Ақжар ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінен орта білім алған соң Қызылордадағы педагогикалық  институтта физика-математика пәнінің мұғалімі мамандығын алған. 1955 жылы өзі оқыған №28 орта мектепте мұғалім болып, ұстаздық жолын бастаған. Ол өз мамандығын сүйетін, жауапкершілігі жоғары мұғалім болып қалыптасып, көп ұзамай оны оқу ісінің меңгерушісі қызметіне жоғарылатады. Осы қызметте абыройлы жұмыс жасауының нәтижесінде Ақжар кеңшары кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланып өндіріске араласса, 1965 жылы мәдениет саласына яғни Қармақшы аудандық киножүйесінің директоры қызметіне келді. Білімін, іскерлігін, күш-жігерін өзінің оқыған, қызмет бастаған ауылы халқының мәдени, рухани өсуіне, шаруашылықтың дамуына, азаматтардың өсуіне аянбай қызмет жасады. Қыруар адал  еңбегі ескерусіз, еленбей  қалған жоқ.

Жалпы Жаңаберген Сәденовті толығырақ тану үшін оны кейінгі лауазымды қызметтерінен бұрын алдымен алғашқы өмір бастауына үңілу қажет сияқты.
Үлкен азаматтық жол сол балалық шағынан, оның шыққан тегі, алған тәрбиесінен басталады. Негіз сонда жатыр. Сол негіз болмаса, қазақ отбасының асыл қасиеттерін ата-анаға, жалпы үлкенге құрмет, бауырға қамқорлық, ағайынға рақымшылық, азаматтық әліппелері – адалдық, әділдік, мәрттік сияқты қасиеттерді бойына сіңірмеген болар еді. Ой-өрісі кең, адамдардың алдындағы өз борышын, жауапкершілігін жете түсінетін.

Жаңаберген Сәденовтің Назымкүл апайдай жар тауып отбасын құруы, өмір мақсатына жетуде өзіндік негіз болғандай, өміріне мән бергендей. Сол отбасындағы береке арқасында жайсаң жандармен танысып, керемет достар табады, біртіндеп қызмет сатыларымен биіктейді. Қамқор адамдар, берекелі отбасы, өзін қаумалаған достары мен күнделікті тіршілікте жан-жақты араласқан азаматтары қызметте абырой биігінде жүруіне негіз болған. Кадр мәселесін іріктеуде, олардың қарым-қабілетін жан-жақты зерттеп, зерделуде, жауапкершілік сұрауда сол кезде қалыптасқан тәртіп ерекше  болатын. Ілуде біреу болмаса кездейсоқ кадрларға есік  жабық еді. Ауданның ақ үйі атанған партия комитетінің кадрмен айналасатын бөліміне қызметке алынады. Сондағы сатылардан өтті. Нұсқаушы, аудандық ұйымдастыру және партиялық жұмысы бөлімінің меңгерушісі, бюро мүшесі болды. Аудандық партия комитеті аудандағы ақыл-ой орталығы болса, оның ұйымдастыру және партиялық жұмысы бөлімі, яғни кадр бөлімі, оның жүрегі болып саналатын. Аудандағы барлық басшының кадрлар есебі осы бөлімнің қолында, соның сүзгісінен өтеді. Ол кезде қазіргідей командамен жүру жоқ, тамыр-таныстық тежелген, кейбір мансапқорлар мен пысықайлардың өзі осы сүзгіден өте алмас еді. Содан да бұл бөлімінің орны ерекше болатын. Жиырма жыл бойы сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшылар Ахметжан Жанпейісов, Елеу Көшербаевпен және одан кейінгі аудан басшылармен қойын-қолтық жұмыс жасауы, өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық, принципшілік, жағдайды жан-жақты байыптап, нақты жағдайды көре және оны зерделей білуі, жауапкершілікті жете сезіну қасиеттеріне тікелей байланысты болды. Сол жұмыстарды қалай атқарғанының өлшемі жоқ, оны метрмен немесе келімен, көлеммен өлшей алмайсың. Тіпті алған марапаттаулары да өлшем бола алмайды. Басты баға – жұрттың бағасы, айнала бірге қызмет жасағандардың бағасы. Олардың қай-қайсысын сөйлетсең де Жаңаберген туралы жақсылық жағын, парасаттылығы мен ұйымдастыру қабілетін, қарапайымдылығы мен сыпайылығын, іскерлігі мен кішіпейілдігін, таза да адал екенін шын ықыласпен айтады.

Әрине кадрларды бюро бекітеді, бірақ сол бюроға мәселені дайындайтын бөлім, оның қызметкерлері. Олар негізінен басшылардың назарындағы кадрлар. Бірақ кадрлардың ішек-қарнын ақтарып, зерттейтін бөлім. Сол кезде жақсы адамның аяғынан шалуға да болады, кейбір пысықайларды өткізіп жіберуге де болады. Жұмыс істеген кезінде алдынан ондаған емес жүздеген адам өтті. Алғашында кейбіреулері жан-жақты пісіп-жетілмеген жас болса да, кейін байсалды басшыға айналып, көз алдында өсті. Солардың көпшілігі өмірде, қызметте өз орнын табуға көмек көрсеткен, жол сілтеген ұстазы есебінде сыйлап құрмет көрсетті, әркез жолы түскенде арнайы келіп сәлем беріп, ықыласын білдіретін. Ал Жаңаберген болса «қызмет солай болдығой, солай етуге тиісті едік қой» деумен шектелген. Сол адамдардың өмірі, тағдыры, оған өзінің араласқаны туралы жазса, ол бір ғибратты дүние болып шығар еді. Қазір өз өмірінен естелік жазып, әйтпесе біреуге жаздырып, кейбір болмағанды болғандай, бар істі өзі атқарғандай, барлық адамға қамқоршы да қолдаушы, біреулердің өскеніне өзі тікелей себепші болғанын көрсете отырып кітап шығарып жатқан көп. Жаңаберген олардың ауылынан емес. Жазатыны, айтатыны көп-ақ.

Айту өз алдында, жазу да қолынан келетіні баршаға бергілі. Қандай бір анықтама, ақпарат, хабарлама, қатынастарды жедел жазса, баяндамаларды да тез арада дайын ететін. Өзі айтатын баяндаманы ой елегінен өткізіп жүріп, екі-үш күнде жазып тастайтын. Ол кезде баяндама машинкаға басылған 30-45 бет аралығында болатын. Міне, сол баяндамаларды тасқа басқандай, өшірмей, қайта көшірмейтіндей жазып дайын еткенінің талай куәсі болдық. Маржандай көркем жазылып шыққан сол баяндаманы қолжазбамен де оқуға болатындай етіп дайын ететін. Сол кезеңде аудандық партия комитетінде Жаңаберген, Әмірхан Жомартовқа, Тұрсынбек Бекпановқа кез келген уақытта маңдай тіреп барып, ақыл-кеңес алатынбыз. Әсіресе дайындаған анықтама мен қаулыларымызды, хабарлама мен баяндамаларымызды апарып ол кісілердің тезінен, күзеуі мен түзеуінен шыққаннан кейін тіпті басқаша сипаттағы мазмұнға мазмұн қосылған, сөзі де сөйлемі де жатық ерекше дүние болып шығатын. Ол кісілер менің уақытым жоқ, болмаса менің жұмысым емес, міндетті емеспін деген сөз айтпай-ақ ағалық көмегін көрсететін. Жомартов Әбекең аупартком бірінші хатшысының көмекшісі, әлі жалпы бөлім меңгерушісі есебінде келіп түскен барлық қаулы мен хат-хабарларды және өздерінен шығатын бүкіл ақпаратты өзі тіркеп, барлық конференция, пленум, бюро қаулыларын таратып, бақылау орнатып хатшының жұмыс кестесін жасап, өткізген түрлі мәжілістердің хаттамасын жазып, қабылдауларын ұйымдастырып, бақылауға қойып, кеңсенің бүкіл шаруашылық жұмыстарын бір өзі үйлестіріп отыратын. Сөйтіп отырып біздің ақпараттарымызды, әсіресе орыс тілінде жазылғандарын қарап беруге қалай уақыт табатынына таңғалмасқа болмайтын. Соның бәрі ол кісілердің біліктілігі мен қабілетінің нәтижесі ғой деп ойлаймын. Жаңаберген сезімтал, байқағыш қандай басшы немесе қызметкер болсын психологиясын жақсы меңгеріп, алдын ала сезе білетін. Көп оқып, көп ізденетін. Жаңалықтарды, тың ұмтылыстарды тез зерделейтін. Ойлау қабілеті өте жоғары болатын. Қандай бір шешім күтіп күрделі мәселелер мен сұрақтардың шешімін алдын-ала болжап отыратын. Басшылықтың көз қарасын, ұстанымдарын, жұмыс бағытын алдын ала түсіне, өз ой елегінен өткізе отырып, көп мәселені үндемей-ақ, жарияға жар салмай шешімін жасай беретін. Мамандығы пән мұғалімі болғанмен аудан өміріндегі қандай бір мамандықты болсын өзінің көп оқуы мен зерделігінің арқасында меңгерді десем артық айтпаған болармын. Қай саланың кадрі болсын сол саланың маманы сияқты тең пікір алмасып, тең сөйлесетін, тіпті ақыл-кеңестерін беретін. Күріш егісінің агротехникасында Ипатовтың әдісін қолдануды жете зерделеп, оны аудандың семинар-кеңестерде хатшының аузымен сөйлетіп, бүкіл аудан егіншілеріне жеткізіп, қолданысқа енгізуі Жаңаберген Сәденовті  ауданның «Ипатовы» атандырды. Міне мұндай жағдайларды ол кісінің қызметтік өмірінде көптеп кездестіруге болады. 

Еліміз егенмендік алып, енді ғана тізгінін өз қолына ұстап, дербес саясат жүргізе бастаған кезеңдерде әлеуметтік саясатқа байланысты үкіметке берілген тапсырманы жергілікті жерде үйлестіруде, ұйымдастыруда Жәкенің аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруы өзіндік бір белес болды. Сол кезеңдегі елдегі экономикалық, әлеуметтік мәселелердің күрделі болып, зейнеткерлеріміз, білім мен денсаулық, мәдениет пен әлеуметтік салалардың қызметкерлері зейнетақылары мен жалақыларын, мүгедектер мен аз қамтылған отбасылар жәрдем ақыларын 5-6 айлап алмай, біздің егемендігімізге сызат түсіріп жатқан уақытта ауданымызда Жаңабергеннің атқарған қызметі ерекше атауға тұрарлық болды. Жоғарыда аталған топтардың қандай бір өкілі ашу-ызамен барып, ештеңені қолына ұстап шықпаса да алғандай болып, риза көңілмен қайтатын. Ол кісі қабылдауға келгендердің өтініш-тілектерін байыпты тыңдап, тең сөйлесіп, жете түсіндіріп, абзал азамат, ел ағасы ретінде өзінің біліктілігі мен тәжірибелігін көрсетті. Оның қабылдауынан кейін, аудан әкіміне шағыммен келетіндер санаулы болатын. Сөйтіп, өзіне түскен жүкті, жауапкершілікті ерінбей, уақытпен санаспай еңбек етіп, қызмет биігінен көріне білді.

Зейнет демалысына шыққаннан кейін де ауданның қоғамдық саяси өміріне белсене араласты, 2011 жылыға дейін «Отан» саяси партиясының аудандық ұйымы төрағасының орынбасары, атқарушы директоры, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы болып қызмет атқарды. 

Тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын жылдарында халықтың еңсесін түсірмей, ұйымшылдықпен еңбек етіп, бірлігімізді нығайтуға, Президент саясатын қолдауға шақырып, баспасөз беттерінде мақала жариялап, Тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған насихаттық шараларға белсене араласты.

Облыстық, аудандық баспасөз беттерінде «Ұлттың қуаты –тілінде», «Тілге құрмет – елге құрмет», «Қазақ тілінің құдіреті», «Елдің ертеңін ойласақ», «Ана тілі – арымыз» тағы басқа тақырыптарда мақала жариялап, мемлекеттік тіл ретінде ана тіліміздің өз орнын алуы жолындағы кедергілер мен қиыншылықтарды ашық көрсетіп, жұртшылықты тілді құрметтеуге, оның болашағына жол ашуға шақырып, тіл үшін күрес, тәуелсіз еліміздің болашағы үшін, оның қалыптасқан, мықты ел болуы үшін күрес екенін жан-жақты түсіндірді.

Газет бетінде жарық көрген мақалалары қомақты еңбек деуге болатындай. Адам баласы тіршілігінің тұтқасы ар-ұят екенін, рақымшылдыққа, қанағатшылдыққа үйрену керек екендігін ескерту арқылы әркімді өз орнын табуға шақырады. Сөз ұғатын, ой қадірлейтін әр адамның таным көкжиегін кеңейтуге атсалысар қадау-қадау ой түйіндері, өміртаным толғамдары тек қана ұлттық емес, жалпы адамзаттық биіктіктен үн қатады.

Ол өзінің биік парасаты адамгершілігімен, әділ де таза жүрегімен, атқарған істерімен халыққа қамқоршы болып, есімі елдің есінде қалды. Атқарған істері, елге сіңірген еңбегі халықтың көз алдында. Ол туған халқына қалтқысыз қызмет еткен, өзі де жүрегі де, қолы да таза, әділетті принципшіл, жұмыс істеудің тамаша үлгілерін көрсеткен адал адам. Өте ұстамды, сабырлы, көп сөйлемейді, егер сөйлей қойса нүктесін қойып бір-ақ айтатын мінезі болатын. Әңгімені өте тауып айтуымен, отырған ортаны тарта білетін қасиетімен ерекшеленетін. Қандай бір кісілермен қалжың айтса да қарапайым ғана сыпайылығы мен парасаттылығы көрініп тұратын.

Жаңаберген Сәденовтің отбасын қасиетті санап, қай уақытта да жоғары қоятын. Жалпы үлгілі шаңырақ иелеріне айналған жұбайы Назымкүл апа екеуінің өзгелер үшін де берер өнегелері жетерлік.Ол кісінің жеткен биігіне апайдың сүбелі үлесі бар екенін жоғарыда да атап өттім. Ол үйге қашан барсақ та, қанша отырсақ та қабақ шытпай ақ жарқын қалпында үлкен ілтипатпен, ақ дастарқанын жайып, ас мәзірін жасап ыстық пейіл көрсетіп отырады. Отбасының тәрбиесін бойына сіңіре білген балалары, немерелері ешқандай у-шусыз ашық-жарқын қызмет көрсетеді. Әке өмірінің жалғасы Қайраты, қыздары Анар, Айна, Алма, Айнұр, Ақботалар жоғары білімді мамандық иелері атанып, еліміздің қалаларында мемлекеттік қызмет пен ұстаздықты кәсіп етіп, ата-ана атына сын келтірмей абыроймен еңбек етуде.

Таудан қанша қашықтағаныңмен ол биіктігін жоймайды дейді. Қазір өмірге келгеніне 90 жыл толып отырған Жаңаберген де бізге, кейінгі ұрпақтарға сол биіктіктің үлгісіндей болып есте қалуда.

Әбдірахман Құлдүйсенов
 

Тағы да оқыңыз: