Kyzylorda-news.kz. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болашақ зейнетақыны есептеу жолы мен оның көлемін арттыру жолын көрсетті.

Болашақ зейнетақыны қалай есептейді?

Әуелі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Enpf.kz сайтына кіріп, Электрондық қызмет көрсету бөліміндегі мәзірден «Зейнетақы калькуляторын» таңдаңыз.
Сайтта зейнетақы калькуляторы үш түрде берілген. Болжамды, Ағымдағы және Сақтандыру сыйлықақыларын және сақтандыру төлемдерін есептеу.

Болашақ зейнетақы мөлшерін есептеу үшін, “Болжамды зейнетақы калькуляторды” басып, туған күніңіз, жынысыңыз, еңбек өтіліңіз, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліңізді теріңіз. Оған қоса бүгінге дейін жинақталған сомаңыз бен кейінгі уақыттағы орташа жалақыңыздың орташа сомасын енгізу қажет.

Егер жеке кабинетіңізге кірген болсаңыз, онда автомат түрде толтырылады. Одан соң есептеу батырмасын басуыңыз керек.

Болжамды калькулятор болашақ зейнетақыны 3 сценарий бойынша есептейді. Олар: пессимистік, реалистік және оптимистік. Бұл салымшыға инфляцияның болжамды деңгейін және кірісті ескеретін түрлі нұсқаларды көрсету үшін жасалған. Егер жеке кабинетке кірмеген болсаңыз, онда болашақ зейнетақыны есептеу кезінде онлайн калькуляторда жинағыңыздың ағымдағы сомасын жазуыңыз керек.

Жинақтың ағымдағы сомасын бірнеше тәсілмен білуге болады. Ең дұрысы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайты немесе қордың ұялы қосымшасы. Сондай-ақ электронды үкімет порталы арқылы алғаныңыз жөн. Сонымен қатар салымшы қордың кез келген кеңсесіне хабарласа алады.

Түсінікті болуы үшін бір кейіпкерді мысалға келтірейік. Мысалы, кейіпкер 46 жаста. Ол 17 жылдан кейін зейнетке шығады. Оның қазіргі жалақысы – 300 мың теңге. 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі – 4 жыл. Еңбек өтіліне жоғарғы оқу орны мен әскери қызметтегі еңбек өтілі де есептеледі. Ресми жұмысқа орналасқан кейіпкеріміздің жарналарының мерзімділігі – жылына 12 ай.  Бұл ретте біз оның жалақысы жыл сайын инфляциядан 2% жоғарылайды деп алайық. Жалпы алғанда ол бір жылда 10 миллион теңге жинақтады. Есептеу батырмасын басқанда келесі нәтижені көреміз.

Кейіпкердің зейнетақысы шынайы есептеу жүйесі бойынша 154 мың теңгеден басталып, бірнеше жыл ішінде 183 мыңға дейін өседі. Инвестициялық табыс – 1%.

Ал оптимистік сценарий бойынша 169 мың теңгеден басталып, 207 мың теңгеге дейін өседі.

Кейіпкердің зейнетақысын қалай арттыруға болады?

Оның міндетті зейнетақы жарналарына ерікті зейнетақы жарналарын қосамыз. Осылайша біз жинақтың жалпы сомасына тағы 2 миллион теңге қосамыз. Себебі кейіпкер 63 жасына дейін ай сайын жалақысының 5%-ын ерікті зейнетақы жарнасына төлеп отырды. Сонда есептеу батырмасын басып, келесі нәтижені көреміз:

Шынайы есептеу жүйесі бойынша кейіпкердің зейнетақысы 254 мың теңгеден басталып, бірнеше жыл ішінде 263 мыңға дейін өседі. Нақты инвестициялық табыс – 1%.

Оптимистік сценарий бойынша зейнетақысы 269 мың теңгеден басталып, 280 мың теңгеге дейін өседі.

Яғни зейнетақыңызды арттыру үшін ерікті зейнетақы жарнасын салып отырғаныңыз жөн. Ең бастысы – жарнаны тұрақты түрде аударып отыру.

Aikyn.kz

Тағы да оқыңыз: