Kyzylorda-news.kz. Қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін пәтерді жөндеуге пайдалана алмайды. Бұл туралы “Отбасы банк” АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
“Мемлекеттік органдарға жолданған ережелер жобасында зейнетақы жинағының бір бөлігін пәтерді ағымдағы жөндеуге жұмсау мақсаты қарастырылмаған”, – деді Ибрагимова зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты баспасөз мәслихатында.
Яғни, оның айтуынша, баспанасы бар азамат тұрып жатқан пәтерін зейнетақы шотындағы ақшаға жөндей алмайды.
“Қазір көбі зейнетақы жинағын баспананың жөндеу жұмыстарына шешіп алуға рұқсат беруді сұрайды. Бірақ біздің позициямыз мынадай: мемлекет жиырма екі жыл бойы зейнетақы жинағының сақталуын қамтамасыз етіп келді, сол себепті ағымдағы жөндеу – қалай дегенмен де ағымдағы шығындар”, – деді басқарма басшысы.
Ол зейнетақы жинағын қандай жағдайда жөндеуге пайдалануға болатынын да айтты.
“Егер банк қарызы туралы келісімшартта бастапқы нарықтағы пәтерді сатып алу және жөндеу көрсетілсе, онда рұқсат етіледі”, – деді Ибрагимова.