Kyzylorda-news.kz. Қазірде дүкендердегі азық-түліктің және басқа да тұрмыстық тауарлардың дерлік барлығы сырттан тасымалданады. Тұтынушы көп және соған сәйкес сұраныс та өте жоғары. Әсіресе азық-түлік өнімдері. Сырттан әкелінген соң оның бағасы да күн сайын қымбаттау үстінде. Бағаны реттеудің ең тиімді жолы – кәсіпорындар ашып, халыққа өз өнімдерін ұсынып отырған жергілікті кәсіпкерлерді қаржылай қолдап, бағыт-бағдар беру. Әрине соған орай өнім сапасына талапты күшейту. 

Жуырда Жалағаш ауданының орталығындағы азық-түлік дүкендерінің сөресіндегі өтімді тауарлардың қатарына жергілікті өнім қосылды. Қорап-қалтасының сыртында «Керемет» деген саудалық атау-белгісі бар ұн өнімдерінен дайындалған үй тұшпарасы, үй мантысы, үй самсасы және чебуреки бүгінде аудан тұрғындарының көбінің дастархан мәзірінен түспейтін болған. Дәмді әрі сапалы тағамды тұтынушылардың саны артқан. Ал бұл өнімдерді жергілікті кәсіпкер Зебо Имашева үй жағдайында дайындап, нарыққа көтерме бағамен шығарып отыр. 

– Біз әзірге тұтынушымыз. Ал қай кезде де тұтынушы өндірушіге тәуелді. Осы тәуелділіктен құтылу үшін тұрмыстық қажеттіліктің тым болмаса жартысын өзіміз өндіруге тиіспіз. Менің бұл кәсіпті бастаудағы негізгі мақсатым да сол – аудан халқына сапалы әрі тиімді бағада өнім ұсыну. Әзірге шикізатты сатып алып отырмыз. Бірақ алдағы уақытта бұл мәселені де шешуге жоспар жасадық. Әзірге мемлекеттен тиісті көмек немесе кәсіпкерлік мақсатта несие алғаным жоқ, жеке қаржыммен бастадым. Кәсібімді кеңейтуді көздеп отырмын. Мүмкін сол кезде мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланармын, – дейді Зебо Имашева.

Иә, кәсіпкердің мақсаты да, бағыты да құптарлық. Өзі дайындап отырған өнімнің шикізатын сауда орындарынан алғанымен, аудан тұрғындарына кәсіпкер ретінде қызмет көрсетіп келеді. Бүгінгі күннің басты мәселесі де, талабы да – халықты жеткілікті мөлшерде азық-түлікпен қамтамасыз ету. Бұл орайда біздің кейіпкеріміз жоғарыдағы атап өткен мәселенің бір түйінін болса да тарқатып, қойылған талаптың үдесінен шығып отыр. Расында қорап-қалтасы әсем безендірілген жергілікті «Керемет» өнімінің құрамында зиянды қоспалар жоқ, яғни экологиялық таза және бағасын да қарапайым халықтың қалтасы көтереді. Тұшпара мен манты тек өзге ұлттардың ғана емес, ет жеп үйренген қазақтың да жеңісік асына айналған бүгінде. Ал самса мен чебуреки шәй дастарханының дәмі, сәні. 

– Жалпы тамақ жасау, түрлі тағамдарды дайындау әйелге таңсық іс емес. Оны біздің күнделікті жұмысымыз десе де болады. Ал соны кәсіпке айналдыру оңай шаруа емес екен. Өйткені кез келген кәсіптің бір жағында халық тұрады. Сол үшін қандай кәсіп болса да оның қыр-сырын біліп, толық үйренуге тура келеді. Мәселен аспаздардың жұмысы сырт көзге оңай көрінгенімен, ол – ең ауыр жұмыс. Тамақ дайындауды тұтас ғылым десе де болады. Ата-бабамыз «ауру – астан» деп бекер айтқан жоқ. Ендеше, ас үйдің жауапкершілігін мойынына алған адамға барша азық-түліктің құрамындағы элементтерді танып, тиісті қоспалардың мөлшерін дәл білу міндеттеледі. Яғни жеке өзіне немесе отбасына ғана емес, көпшілікке тамақ әзірлейтін аспаз өз ісінің нағыз шебері болуы тиіс. Міне, бізге де осындай талап қойылады. Өйткені мен де халыққа осындай қызмет көрсетіп отырмын. Сондықтан бұл кәсіп маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Кәсіби сауатыңды арттыру – жұмыс деңгейінің, өнім сапасының кепілі. Сол себепті мен үнемі жан-жақты ізденумен жүремін. Тағы бір айта кетерлігі, кәсіп иесіне қойылатын заңды талаптан бөлек, ол өзінің адал, таза, сапалы қызметімен халықтың көңілінен шығуы тиіс. 

Әрбір істің бастауында бір себепші болады. Бұл кәсіпті бастауыма ықпал еткен кәсіпкер Рита Кенжебаеваны айтпай кетуіме болмайды. Кәсіппен айналысып жүрген азаматтардың кәсібі әртүрлі болғанымен, мүддесі бір, ол – халыққа қызмет жасау деп ойлаймын. Рита апай мені көрген сайын «Қазір ауданда дайын түшпара, манты дайындап, нарыққа шығарып отырған кәсіпкерлер өте аз, тіпті жоқ десе де болады. Ал біздің ауданда мал шаруашылығы дамыған, еттен мәселе жоқ. Сенің тәжірибең бар, бұл кәсіпті бастасаң алып кетесің. Бастысы, тұрғындар тарапынан жергілікті өнімге деген сұраныс бар», деп маған бағыт-бағдар берді. Сол кісінің сөзінен соң тәуекел деп іске кірістім. 

Қазірде мен «Кереметті» үйімнен шығарып отырмын. Бір бөлмеден шағын цех аштым. Санитарлық талапқа сәйкес, қауіпсіздік ережелеріне сай жабдықтадым. Уақыт талабына ілесу үшін дайын өнімдерді қаптайтын аппараттар мен арнайы электрлі пештер сатып алдым. Күнделікті жұмысыма қажетті сиыр етін дүңгіршектер мен дүкендерден алып тұрамын. Қазірде ет сататын орындардағы тауардың сапасы ветеринариялық және санитариялық сараптамадан өтеді, қатаң бақылауда болады. Одан бөлек, біз де бұған жіті мән береміз. Өйткені өнімімізді тұтынып отырған халықтан қандай да бір шағым немесе сенімсіздік болмағанын қалаймыз. 

Цехтағы жұмыстардың барлығы дерлік қолмен жасалады. Қасымда бір көмекшім бар. Ол да кәсіби маман. Әр түйірінің салмақ мөлшері өлшенеді. Яғни стандарттық шаманы сақтаймыз. Күніне 40 келі тұшпара, 10 келі манты дайындап, түйеміз. Сонымен бірге самса мен чебуреки де жеткілікті дайындалады. Дайын өнімдерді кент орталығындағы «Бибігүл ана», «Ақниет», «Қаракөз», «Бағдат», «Рита» сауда орындарына көтерме бағамен өткіземіз. Көбіне аудан тұрғындары дүкендерден біз дайындаған өнімдердің таусылып қалғанын айтып, арнайы тапсырыс береді. Тапсырысты да дер кезінде қабылдап, уақытында дайындап береміз. Мейрамханаларда, үйлерде өтетін тойларға ұн өнімдерінен дайындалатын тағамның бірнеше түрін тапсырыс арқылы пісіреміз, – дейді Зебо Бердиярқызы.

Тағы да оқыңыз: