Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты барша отандастарымызға үндеу жариялады. Президент жан-жақты зерделенген, нақты дәлелмен келтірілген өте орынды, пайымды пікір айтты.
Елде болып жатқан дүрбелең су апаты халқымызды әбігерге салды. Қиындық құрсауындағы халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалану тапсырылды. Еліміздің он аймағында болып жатқан қарғын судың кесірінен су басқан қалалармен елді мекен тұрғындарын сабырлылыққа шақырып, мемлекет тарапынан барлық көмектің болатынын жеткізді.
Халқымыздың қазіргі жағдайын бір ел болып қолдауымыз керек. Бұл – табиғи апат. Осындай қиын-қыстау кезеңде халқымызға ауызбіршілік, сабыр, табиғи апатты жеңуге күш-қайрат берсін деп тілейміз.
Су басқан аймақтардың халқын қолдау мақсатында әрбір облыстан, сол сияқты біздің ауданнан да гуманитарлық көмектер жөнелтілуде. Бұл – халқымыздың бірлігі. Үйден, жиған-тергеннен бір сәтте айырылу оңай емес. Дегенмен түн артынан күн шығатынын ұмытпайық, ағайын. Біз қармақшылықтар қиын жағдайда қалған отандастарымызбен әрқашанда біргеміз!
Асқар Мереков, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
