Kyzylorda-news.kz Ғылым және жоғары білім министрлігі жалған дипломға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда интернет кеңістігінде жалған дипломдар туралы түрлі ақпарат кеңінен таралып жатыр.

Құжаттардың заңсыз айналымының алдын алу мақсатында 1991 жылдан бері берілген дипломдардың деректер базасы құрылған.

"Министрлік білім беру туралы құжаттардың өзіндік үлгісінің мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ жоғары оқу орындары түлектеріне арналған осындай құжаттардың серияларын бекітті. Дипломдар арнайы модуль арқылы бірегей нөмірлер мен QR-кодтар беру жолымен қалыптастырылады. Жүйеге қол жеткізу құқығы осы модульде тіркелген, ресми түрде жауапты университет қызметкерлеріне ғана беріледі", - делінген хабарламада.

Дипломдарды генерациялау "Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы" (ЖББП) ақпараттық жүйесіндегі білім алушылар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады. Егер білім алушы туралы ақпарат ЖББП-да болмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес.

Өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттарда генерацияланған бірегей нөмір мен QR-код болмаған жағдайда мұндай құжаттар жарамсыз деп танылады.

Министрлік сонымен қатар Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер министрліктері жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін тұрақты түрде бақылап, тоқтатып отыратынын еске салды.

"ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес жалған құжаттарды жасау немесе қолдану айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыруға әкеп соғады. Бүгінгі таңда 46 жалған диплом және оларды заңсыз дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталды. Материалдар ІІМ мен МАМ-ға жолданды. Жалған дипломдарды жасау немесе пайдалану заңмен қатаң жазаланатынын ескертеміз", - делінген хабарламада.

Министрлік өкілдері жоғары оқу орындары деректерді цифрландыру жұмысын жалғастыратынын, ал жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын арнайы сервис арқылы тексере алатынын айтты.

Дипломның электрондық нұсқасы электрондық үкіметтің мобильді қосымшасында да қолжетімді.

Фото: gov.kz

Тағы да оқыңыз: