Kyzylorda-news.kz. ҚР кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев мәлімдеді.
«ҚР Еңбек кодексінің 23 бабы 2 тармағы жаңа 27 тармақшамен және 33 бабының 1 тармағы толықтырылды. Атап айтқанда, жұмыс берушілердің негізгі міндеттері және электронды еңбек шартын жасау жөніндегі екінші бөлікпен толықтырылған. Кодекстің 33 бабы 1 тармағында еңбек шартын жасасу, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында жүргізіледі. Яғни, бұдан былай жұмыс беруші еңбек шартын жасасу, тоқтату және тараптардың реквизиттері, белгілі мамандық, кәсіп, біліктілік немесе қызмет бойынша жұмысы, жұмыс істеу орыны, еңбек шартының мерзімі, жұмыстың басталу уақыты, шарт жасасу мерзімі мен реттік нөмірі туралы мәліметтерді электронды түрде еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуге міндетті», – деді Ертілеу Жалғасбаев.
Айта кетейік, еңбек шарттарын тіркеу үшін жұмыс беруші ең алдымен электронды еңбек биржасына www.enbek.kz порталында тіркелуі қажет. Сондай-ақ, мекеме жөніндегі мәліметтер электронды-цифрлық қолтаңбамен расталады. Еңбек шарттарын электронды тіркеу порталдың «Көмек» бөлімінде орналастырылған. Ал жұмыс берушінің жұмыскерлермен жасалған еңбек шарттары туралы мәліметтер ақпараттық жүйеге уақытылы енгізілуі керек.
Сонымен қатар, жұмыс берушінің міндеттері тағы 2 жаңа міндетпен толықтырылған.
«Кодекстің 23-бабы 2-тармағы жұмыс берушінің қандай да бір кемсітусіз, жұмыскерлерге еңбегі үшін бірдей еңбек ақы және өндірістік-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті екендігі белгіленген, 28-тармақшамен толықтырылған», – деді сала басшысы.
Қазіргі таңда облыста еңбек заңнамасы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек қорғау талаптарының сақталуы бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Соңғы төрт айдың қорытындысы бойынша өңірде әлеуметтік-еңбек ахуалы тұрақты, ұжымдық еңбек даулары орын алмаған.