Kyzylorda-news.kz 2026 жылы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, прокуратура органдарының ардагері, Қазақстанның құқықтық жүйесінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан Юрий Александрович Хитриннің туғанына 80 жыл толып отыр.
Юрий Хитрин 1946 жылғы 24 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. 1970 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдағаннан кейін прокуратура органдарындағы қызметін жалғастырып, өмірін заңдылық пен әділеттілік қағидаттарына арнады.
Еңбек жолын 1969 жылдың наурыз айында бастаған ол аудандық прокуратура тергеушісінен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры лауазымына дейінгі үлкен кәсіби жолдан өтті. Әр жылдары аса маңызды істер жөніндегі тергеуші, Алматы қаласы прокуратурасының тергеу бөлімінің бастығы, Қазақ КСР прокуратурасы тергеу басқармасы бастығының орынбасары, Целиноград облысының прокуроры қызметтерін атқарды.
1990 жылы мемлекеттік-құқықтық мәселелер жөніндегі Мемлекеттік кеңесші болып тағайындалып, тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негіздерін қалыптастыру ісіне белсенді қатысты. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесінің конституциялық құрылысты қорғау комитетін басқарды және Республика Жоғары тәртіптік кеңесінің мүшесі болды.
1992 жылдан бастап Қазақстанның Бас әскери прокуроры қызметін атқарды. Оның әскери прокуратура жүйесін дамытуға және әскери саладағы заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі зор болды. 1997 жылы Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры болып тағайындалып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру бағытындағы маңызды реформаларды жүзеге асыруға атсалысты.
2000 жылы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы қызметіне кірісіп, Конституция қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етуге және құқықтық мемлекетті нығайтуға еңбек сіңірді.
Юрий Александрович прокуратура органдарының Құрметті қызметкері, әділет генерал-лейтенанты болды. Ол «Парасат» орденімен және өзге де мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Өкінішке қарай, 2004 жылы Юрий Хитрин өмірден өтті. Алайда оның есімі Қазақстанның құқық қорғау жүйесінің тарихында кәсіби біліктіліктің, адал қызмет пен мемлекеттік жауапкершіліктің символы ретінде мәңгі сақталады.
Юрий Хитриннің өнегелі өмір жолы мен ел мүддесіне сіңірген еңбегі бүгінгі құқық қорғау органдары қызметкерлері мен жас заңгерлер үшін әрдайым үлгі болып қала береді.
Қызылорда гарнизонының
әскери прокуратурасы
