Kyzylorda-news.kz Қызылорда медициналық жоғары колледжінде жастар арасында кең таралып бара жатқан аса қауіпті мәселелер – нашақорлық пен ойынқұмарлықтың зардаптарын ашып көрсетуге, сондай-ақ заң мен тәртіпті сақтау және мемлекеттік рәміздердің құндылығын дәріптеуге арналған ауқымды кездесу өтті.

Заңдылық пен құқықтық тәртіп мәселесі талқыланды1.jpg

Іс-шараны Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақпараттық түсіндіру тобы ұйымдастырып, жастармен еркін пікір алмасу алаңын құрды. Басқосуға «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ бөлім басшысы, Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Жанболат Досмаханов, Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева, сондай-ақ колледж студенттері мен оқытушылары қатысты.

Заңдылық пен құқықтық тәртіп мәселесі талқыланды3.jpg

Жиында қоғам дертіне айналған зиянды әдеттердің адам денсаулығына, психикасына, отбасылық қарым-қатынас пен болашақ мансапқа тигізетін кері әсері нақты мысалдармен түсіндірілді. Мұнымен қоса, кездесуде кез келген дамыған қоғамның берік іргетасы – заң мен тәртіп үстемдігі екеніне ерекше назар аударылды. Әрбір жас азаматтың құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы жауапкершілігі сөз болып, мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиеті кеңінен насихатталды.

Заңдылық пен құқықтық тәртіп мәселесі талқыланды.jpg

Көк Туымызды, Елтаңбамыз бен Әнұранымызды қастерлеу — отаншылдық рухтың, елге деген шынайы құрмет пен ұлттық бірегейліктің басты белгісі екені айтылды.

Басқосу соңында колледж ұжымы ұйымдастырушыларға алғыс білдіре отырып, мұндай кездесулердің жастарды жат қылықтардан сақтандыруда, бойына патриоттық сезім ұялатуда тәрбиелік және алдын алу маңызы өте зор екенін жеткізді.

Тағы да оқыңыз: