Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жиналыс өтті. Жиынға аудан әкімі Жандос Еркінбек пен Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Тынарбайұлы арнайы қатысты.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттер негізге алынып, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.

Аудан әкімі Жандос Еркінбек өз сөзінде:

– Президентіміздің бастамасымен елімізде «Заң және тәртіп» қағидасын жүзеге асыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы басты ұстаным. Аудан көлемінде де осы бағыттағы түсіндіру және алдын алу шаралары тұрақты ұйымдастырылып келеді, – деді.

Сонымен қатар, облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Тынарбайұлы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі өзекті мәселелерге тоқталды. Әсіресе, алаяқтық, құмар ойындарға тәуелділік (лудомания), интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар сынды фактілердің алдын алуда бірлескен жұмыс пен азаматтардың белсенділігі қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ, аудан прокуроры Мейрамбек Жаңбырбайұлы сөз сөйлеп, тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңызын атап өтіп, құқық қорғау органдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.

Аталған мәселелердің алдын алу мақсатында халық арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында бірқатар шаралар жоспарланып, нақты жобалар бекітілуде.

Тағы да оқыңыз: