Kyzylorda-news.kz “АMANAT” партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартайдың қатысуымен партияның облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті.
Жиынға сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мирамкүл Бибітова, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Тасқараев, кеңес мүшелері және партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева мен партияның қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мейрамбек Есжанов қатысты.
Кеңес отырысында Қызылорда қаласы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиямен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 ж.ж. арналған тұжырымдамасының аймақта 2025 жылы іске асырылу барысы қаралды.
Кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы «Заң және тәртіп» қағидасы құқық бұзушылыққа жол бермеу, заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстанымы мемлекетіміздің мызғымас тұғыры екендігін тілге тиек етіп, бұл мәселе партияның ерекше бақылауында. Бұл үшін партия жанынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл бойынша Кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясы жұмыс атқарады. Сондықтан жиын барысында түскен ұсыныстар тиісті органдарға жолданатынын атап өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Тасқараев хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Аппарат басшысының айтуынша Сыбайластық сипатындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау бағытында қала әкімдігі құрылымындағы барлық мекемелерде профилактикалық жұмыстар ұйымдастырып, басшылар мен лауазымды тұлғалардың жауапкершіліктерін арттыру мақсатында Қызылорда қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілінің функциясы аппарат басшысына жүктелген. Қызылорда қаласы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның 2025 жылға арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, жоспар аясында комиссияның отырысында әлеуметтік салада, бизнес қоғамдастығында және жалпы қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәселелер қаралған.
Қала әкімдігінің құрылымында «Ашық әкімдік» («Open Space») форматы қолданысқа енгізіліп, бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында қала әкімдігіне қарасты Тасбөгет кенті мен Ақсуат, Ақжарма, Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Қызылөзек ауылдық округ әкімдерінің аппараттарының ғимараттары «Ашық әкімдік» форматына көшірілген. Бұл бастама мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы кедергілерді жою бағытында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға өз септігін тигізуде»,- дейді ол.
Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қоғам тарапынан қадағалау шараларын арттыру мақсатында қала әкімі жанынан арнайы комиссиялар жұмыс жасайды. Соның бірі құрамы кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінен және азаматтық қоғам өкілдерінен жасақталған Жер комиссиясы. Комиссия отырыстары бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен интернет ресурстарында тікелей көрсетілім арқылы ашық түрде өткізілуде. Бүгінгі күні жер қатынастары саласындағы барлық құжат айналым «Бір терезе» қағидасы бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» арқылы жүргізілуде. Тұрғындарды көп толғандыратын жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдері мен тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтардың реттілігі туралы ақпараттар қала әкімдігінің ресми сайтында, жергілікті баспасөз беттерінде және арнайы Kezekte.KZ сайтында жарияланып, өз мерзімінде жаңартылуда.
Қоғаммен ашық байланыс орнату үшін «Open Қызылорда» жобасы жұмыс істеуде. Жыл басынан бері аталған жоба бойынша әлеуметтік желілер мен хабарламалар арқылы тұрғындардан 1 300-ден астам өтініш түсіп, тиісті сала мамандарымен дер кезінде нақты жауаптар берілген. Соңғы 3 жылда аталған жоба арқылы 20 мыңға жуық тұрғынның ұсыныс-пікірлері тыңдалып, халық пен билік арасында ашық диалог орнатудың ең тиімді тәсіліне айналған.
2025 жылы қала әкімдігімен 80 қызмет түрі бойынша 126 мың 905 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 40%-ы «Электрондық үкімет порталы» арқылы жүргізілген.
Соңғы 4 жылда электронды түрде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны 2 есеге артқан. Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Тасқараев бұл өз кезегінде жауапты мамандардың жеке және заңды тұлғалармен тікелей қарым-қатынасын болдырмауға, уақытылы және сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр дейді.
Атап өтейік, комиссия өз жұмысында халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру мақсатында жергілікті телеарналарда 50 сюжет, жергілікті баспасөз беттерінде 35 мақала, әлеуметтік желілер арқылы посттар мен инфографикалар жариялап, халық көп шоғырланатын орындарда, әлеуметтік нысандар мен қала көшелерінде орналасқан ЛЭД экрандармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру бағытындағы әлеуметтік бейнероликтер тұрақты түрде көрсетуде. Мұнан бөлек, «Арыңды сатпа! Пара туралы хабарла», «Барыңды бағала, пара берме» тақырыптарында арнайы сыртқы көрнекі ақпараттық билбордтар орналастырған.
Жиында филиал төрағасы Жандос Базартай және Кеңес мүшелері жұмысты жетілдіру бағытындағы ойларын ортаға салып, нақты ұсыныстарын жеткізді. Көтерілген ұсыныстар хаттамаланып, тиісті органдарға жолданатын болды.

