Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен Қызылорда облыстық прокуратурасының аппарат басшысы Азамат Баянбайұлы және Сырдария ауданының прокуроры Абай Әлімбаев «Заң және тәртіп керуені» акциясы аясында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуге аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекетік және құқық қорғау органдарының өкілдері, медицина, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, қоғам белсенділері қатысты.
Шара барысында А.Баянбайұлы қазіргі таңда өзекті болып отырған интернет алаяқтық, азаматтардың құқықтық мәселелері жөнінде және прокуратура органдарының атқарып жатқан жұмыстары туралы толық ақпарат берді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен күрес, нашақорлыққа қарсы іс-қимылдар, мал ұрлығының алдын алу және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мәселелері де талқыланды.
А.Баянбайұлы заң талаптарының барлығына бірдей және әділ қолданылатынын атап өтті. Халықпен кері байланысты нығайту мақсатында прокуратура қызметкерлері ашық есік күндері мен қоғамдық қабылдауларды жиі өткізетінін жеткізді.
Жиын соңында облыстық прокуратураның аппарат басшысы А.Баянбайұлы аудан тұрғындарының мәселелері бойынша жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың сұрақтарына заңнама шеңберінде жауап берді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Фото: Сырдария ауданының әкімдігі