Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңдылық пен тәртіпті нығайту мақсатында «Заң мен тәртіп» профилактикалық іс-шарасы және «Адал полицей» кең ауқымды алгоритмі аясында облыс көлемінде кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Аталған іс-шаралар барысында қоғамдық орындарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындар арасында заң талаптарын сақтау және құқықтық мәдениетті арттыру бағытында жарнамалық-танымдық материалдар таратылды. Сонымен қатар, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында QR-коды бар билбордтар мен LED-экрандар орнатылып, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өзекті ақпараттар орналастырылды.
Бұдан бөлек, «Заң мен тәртіп» профилактикалық іс-шарасы шеңберінде облыс аумағындағы орта және жоғары оқу орындарында арнайы кездесулер өткізілді. Кездесу барысында білім алушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пара беру және пара алу қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатыны жан-жақты түсіндірілді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің талаптарына сәйкес, аталған заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетіні, оның ішінде айыппұл салу, бас бостандығынан айыру және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі жазалар қолданылуы мүмкін екені жеткізілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
