Kyzylorda-news.kz Өңірдің қарқынды дамуы мен инвестициялық белсенділіктің артуына байланысты аймаққа келуші қонақтар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Осыған орай, бүгінгі таңда облыста қонақ үй инфрақұрылымына деген сұраныс артып, қонақ үй тапшылығы айқын сезілуде. Бұл өз кезегінде өңірде заманауи әрі сапалы орналастыру нысандарын дамыту қажеттігін көрсетеді.

Қазіргі уақытта өңірде бірқатар ірі қонақ үй жобалары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Rixos», «Ibis» және «Pana» қонақ үйлерінің құрылысы жүргізіліп, қызмет көрсету саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жұмыстар қарқынды іске асуда.

Осы бағытта кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мөлдір Тәуіпбаева «Pana» қонақ үй кешенінің жобасымен танысты. Жобаның жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайды. Қонақ үйде 63 нөмір қарастырылып, жылына орта есеппен 8 мыңға жуық қонаққа қызмет көрсету мүмкіндігі бар.

Аталған қонақ үй 4 жұлдызды деңгейде қызмет көрсетіп, заманауи талаптарға сай толық инфрақұрылыммен жабдықталмақ. Атап айтқанда, қонақтарға арналған «Tary» мейрамханасы, хамам, толықтай халал қызмет көрсету жүйесі, сондай-ақ іскерлік кездесулер өткізуге арналған бизнес орталығы мен заманауи фитнес залы қарастырылған. Бұл өз кезегінде қонақтардың жайлы демалысы мен тиімді жұмыс жүргізуіне барлық жағдайды қамтамасыз етеді.

Жалпы, мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыру өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге, қызмет көрсету сапасын халықаралық стандарттарға жақындатуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастамалар аймақ экономикасының әртараптануына оң әсерін тигізіп, өңірдің іскерлік және туристік орталық ретіндегі беделін нығайта түседі.

Pana қонақ үй кешені.jpg

Тағы да оқыңыз: