Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат хатшысы Мұрат Тлеумбетовтың Жаңақорған ауданына жұмыс сапары Сунақата ауылындағы «Әмір» шаруа қожалығының егіс алқаптарын аралаумен жалғасты. Сондай-ақ аймақ басшысы осы сапарда «Сығанақ» қалашығын зерттеу жұмыстарының барысын да бағамдады.

Шаруашылық орта есеппен жылына 200 тонна күріш және 400 тонна көкөніс-бақша өнімдерін өндіреді. Өнімдері Қызылорда және Түркістан облыстарының ішкі нарығына жеткізіледі. Заманауи агротехнологиялармен және техникамен жабдықталған.

Заманауи техника өндіріс тиімділігін арттырады1.jpg

Атап айтқанда, «Беларус 1221» тракторы, «Class» комбайны, ХТЗ техникасы, жүк тиегіштер, лазерлі тегістегіштер, КамАЗ көліктері және агродрондар қолданылады. Бұл егін шаруашылығын цифрландыру мен өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Биыл аймақта 89,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 6,1 мың гектарға майлы дақылдар, 73,2 мың гектарға малазықтық дақылдар, 16,8 мың гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді.

Заманауи техника өндіріс тиімділігін арттырады2.jpg

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күріш көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70 мың гектар болды. Бұл қадам су ресурстарын тиімді пайдалану және егіс құрылымын әртараптандыруға бағытталған.

Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері қолда бар 3975 техниканы толық жөндеуден өткізді. Қажетті минералдық тыңайтқыштардың жалпы көлемі 65,6 мың тонна, оның 11 мың тоннасы отандық өнімдер есебінен қамтамасыз етілуде.

Аймақ басшысы барған келесі нысан ортағасырлық Сығанақ қалашығы еліміздегі ең маңызды археологиялық ескерткіштердің бірі саналады. Қыпшақ хандығының, кейін Ақ Орданың және Қазақ хандығының астанасы болған тарихи қала орны. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге ұсынылған маңызды тарихи ескерткіштер қатарына кіреді.

Қазір мұнда ежелгі қамал дуалдарының іздері, төбешікке айналған құрылыс қалдықтары және археологиялық қазба жұмыстары барысында анықталған нысандар сақталған. Қалашық толық қалпына келтірілмегенімен, оның тарихи келбетін зерттеу, сақтау және қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Заманауи техника өндіріс тиімділігін арттырады3.jpg

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапары барысында көпбейінді орталық ауруханаға жапсарлас салынған жаңа қосымша ғимаратты аралап көрді.

Медициналық қызмет сапасын арттыру және тұрғындардың заманауи диагностикалық қызметтерге қолжетімділігін кеңейту мақсатындағы құрылысты «Дәнекер құрылыс компаниясы» жүргізген. Оған 792 млн теңге қаржы бөлінген.

724189610_1306281821693059_7825913092779469120_n.jpg

Жалпы ауданы 1212,06 шаршы метр, екі қабатты, цокольдік қабаты да бар, 9 төсек-орынға арналған. Заманауи магниттік-резонанстық томография аппараты орнатылатын болады.

Жаңа ғимарат аудан тұрғындарының жоғары технологиялық-диагностикалық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, ауруды ерте анықтау мен сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Жаңақорған аудандық көпбейінді орталық ауруханасы 245 төсек-орынға есептелген, ғимараттың жалпы көлемі 5852,4 шаршы метр, үш қабатты, бес блоктан тұрады.

Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қабылдау бөлімшесі, хирургия, терапия, перзентхана және гинекология бөлімшелері, зертхана, нейрореабилитация, жұқпалы аурулар, реанимация бөлімшелері жұмыс істейді. 

Сонымен қатар, күндізгі емдеу бөлімі, сәулемен емдеу, рентген, трансфузиология, ультрадыбыстық зерттеу, жүкті әйелдерге арналған УДЗ аппараты және компьютерлік томография қызметтері көрсетіледі.

Бүгінде ауруханада 1520 қызметкер аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау мен нығайту бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Медициналық мекеме жеке қазандық арқылы сұйытылған газбен жылытылады.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: