Kyzylorda-news.kz Зайырлы мемлекеттегі діндар адам тұлғасы – дұрыс әрі толыққанды айқындауды қажет. Ол ең алдымен қоғамдағы дін және діндар адам жөніндегі фобиялық көзқарастарға тоқтау болады. Сонымен қатар бұл діндар адамның зайырлы ортада тәрбиеленуінің, өсіп-өнуінің мүмкіндігін анықтайды.
Зайырлы мемлекеттегі діндар тұлғаның қалыптасуына әртүрлі тарихи, мәдени, діни-саяи, әлеуметтік факторлар ықпал етеді. Мемлекет пен дін қатынасының беріктігі, ұлттық және діни мүдделердің ұштасуы – тұтас бір ұлттың рухани өміршеңдігін сақтаушы құбылыстар. Осы тұрғыда «зайырлылық» және «зайырлы мемлекет» ұғымдарының мағынасын дұрыс түсіну бүгінгі діндар адамның шынайы болмысын айқындауға көмектеседі.
Жалпы «зайырлылық» ұғымының ауқымы кең және оны әр ел өзіндік мазмұнмен қабылдайды. Дегенмен бұл ұғымның ортақ мақсаты адамның ар-ождан, наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыру. Әсіресе, көп ұлтты мемлекеттің зайырлы құрылымы қоғамда дінаралық мәмленің, діни төзімділіктің дамуына, әр діннің ұйыстырушы әлеуетін жандандыруға серпін береді.
Зайырлылық – атеизмді немесе дінді оқшаулап, оны теріске шығару емес. Қайта ол діни таным мен құндылықтарды мойындай отырып, олардың ел өміріндегі маңызын ескереді. Әрі жеке адамның еркіндігін құптайды. Зайырлы мемлекет контитуциялық заңдардың шеңберінде конфессияаралық қатынастардың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.
Дін – адам мен қоғам өміріне жан-жақты ықпал ететін құндылық. Ол адамды Жаратушысымен байланыстыратын адамның қоғаммен қатынасын түзетіп, жалпы өмір сүру дәстүрлерін жалғайтын алтын арқау. Сондықтан діндар адамның тұлғасы зайырлы мемлекет және дін арасындағы өзара сенім, ықпалдастық аясында ғана дұрыс бағытта қалыптасады.
Бүгінде Қазақстан үшін дәстүрлі саналатын екі діннің бірі – ханафи бағытындағы сунниттік ислам діні. Бұл діннің қағидаттары мемлекеттің зайырлылық қағидаттарымен көптеген мәселелер бойынша үйлеседі. Оған ислам дінінің адам құқықтарына құрмет көрсету мен қорғау, діни сенім бостандығын бағалау, өзгелердің ұстанымдарына мәмілемен қарау қағидаттарын мысал ретінде көрсетуге болады. Яғни дін және зайырлы құқықтық негіздерге сәйкес әр адам ешкімді тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты кез-келген жағдайлар бойынша кемсітуге болмайды.
Жалпы барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің заңнамаларында адам құқықтары жөніндегі кодекстің негізгі қағидаттары қамтылған. Яғни зайырлылық ешқандай дінге қысым көрсетпей, керсінше жат діни ағымдардан елді қорғайды. Сондықтан зайырлылықтың қоғамдағы маңызы зор.
Зайырлы құқықтық заңнамаларда адамның ар-намысы мен абыройын сақтау, қысым көрсетпеу, әділетсіздікке жол бермеу секілді мәселелер діни нормаларда кездеседі. Демек, діндар адам – қай жерде жүрсе де барлығының құқықтары мен бостандықтарын бірдей сақтайтын азамат.
Балауса СЫЗДЫҚОВА
Қызылорда облысы дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің
журналист маманы
Фото: kazislam.kz