Kyzylorda-news.kz. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында «112-Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметінің» мамандарымен, облыстық төтенше жағдайлар департаменті «ӨСжәнеАҚЖҚ» мемлекеттік мекемесі Жедел-құтқару жасағының құтқарушыларымен кездесті.
Министр құтқару жабдықтарын және техникасын қарады. Мұнан кейін министр Юрий Ильин Тасбөгет кентінде орналасқан «Қызылорда су торабының» қызметі мен қазіргі таңда жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмысын көрді. Одан әрі Төтенше жағдайлар министрі облыс тұрғындарымен кездесті. Ол министрлік қызметінің негізгі бағыттары мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жиынға қатысушылар өзекті мәселелер бойынша сауалдар жолдап, туындаған проблемаларды шешуге қатысты өз көзқарастарын білдірді. Сонымен қатар аймақтың аудан тұрғындары бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды.
Есеп беру кездесуі аясында министр бұқаралық ақпарат құралдарымен брифинг өткізді. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, ведомствоның жұмысы, азаматтық қорғау жүйесін дамыту перспективалары, алда тұрған міндеттерді шешу туралы айтты.
Одан кейін министр төтенше жағдайлардың алдын алу және олдарды жою саласына қатысты мәселелер бойынша жүгінген азаматтарды жеке қабылдады.
Жылыту маусымына дайындық кезіндегі қауіпсіздік
Министр Юрий Ильиннің қызылордалықтармен кездесуі барысында күнделікті өмірдегі ең көп таралған қауіп - мерзімі өткен газ баллондар және оларды пештің жанында пайдалану екенін айтты. Сонымен қатар газ жабдықтарының ақауы қайғылы жағдайларға әкелетінін жеткізді.
Газ жарылыстарынан топтық өлімді азайту үшін министрлік газ-техникалық қызметтердің өңірлік инспекторларымен бірлесіп тұтынушылармен және газ толтыру станцияларының иелерімен газ жабдықтары мен тұрмыстық газ баллондарын пайдалану қағидалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл жұмыс одан әрі де жалғасын таба бермек.
«Мен халықтың назарын жанармай құю бекеттерінде газ баллондарын құюға заң бойынша тыйым салынғанына аударғым келеді. Ұсыныстарды елеп, қарапайым ережелерді сақтау сізді және балаларыңызды өрттен және улы газбен уланудан қорғайды», - деп Юрий Ильин халыққа айтты.
«Қыс» республикалық оқу-жаттығуы өтеді
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қызылорда облысының халқымен кездесуде қыс мезгіліне дайындыққа көңіл бөлді.
Өңір елдің батысы мен оңтүстігінің арасында орналасқан. Облыс арқылы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолы өтеді. Сонымен қатар «Қызылорда – Жезқазған» жолы да бар. Қыста көбінесе осы жолдардың орталық бөлігі қар құрсауында қалады.
Аймақ бойынша жалпы ұзындығы 31 шақырымды құрайтын 4 қар басуы ықтимал учаске анықталды. Атап айтар болсақ, оның бірі Арал ауданы аумағында болса, қалған үшеуі Ұлытау облысы бағытындағы жол учаскелері.
«Келесі аптада «Қыс» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарлануда. Министрлік бөлімшелерінің, әкімдіктер мен коммуналдық қызметтердің күштері мен құралдарының қысқы кезеңнен өтуге дайындығы тексерілетін болады. Жергілікті атқарушы органдардан оқу жаттығу өткізуге дайын болуын сұраймын», - деді министр.
Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайдың профилактикасы
Министр Қызылорда облысының халқымен кездесуі барысында қыстың басталуына байланысты облысы тұрғындарына жүгінді.
Облыс бойынша 300-ден астам түрлі техника мен 700-ге жуық адам дайындыққа келтіріліп, 10 жылыту пункті және 3 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді және жылыту пункттері ретінде пайдаланылады.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында автожолдарда ауа-райының нашарлауы және жолдардың жабылуы туралы СМС-хабарламалар алдын ала жіберіледі.
«Осы мүмкіндікті пайдаланып, азаматтарға жолға жиналған кезде жолдағы ауа-райының қолайлы екеніне көз жеткізіп, көліктің жол жүруге жарамдығын тексеруге кеңес беремін. Жолға шығар алдында «Дармен» мобильді қосымшасын пайдалануды ұсынамыз. Онда сіздің өңіріңіз бойынша ғана емес, еліміз бойынша да өзекті ақпарат орналастырылған. Мен қысқы балық аулау кезеңінің басталуы алдында әуесқой балықшыларға қарапайым тыйым салу белгілерін елеп, мұздағы қарапайым қағидаларын сақтаңыздар дегім келеді», - деді министр Юрий Ильин.
Қызылорда облысындағы бөлімшелердің даму перспективалары қай деңгейде?
Министр Юрий Ильин Қызылорда облысында халықпен кездесу барысында бөлімшелердің жарақталуы туралы айтты.
«Бірінші бұл өрт сөндіру бөлімшелерін жарақтау. Облыс бойынша 16 өрт сөндіру бөлімшесі бар. Бұл жеткіліксіз, бірінші кезекте қосымша 2 бөлімше қажет,- деп атап өтті министр.
Иелікте әртүрлі мақсаттағы 106 бірлік техника бар, жарақталуы 72 пайызды құрайды. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен биыл 44 бірлік өрт сөндіру және құтқару жабдықтары сатып алынды. Министрлік 3 өрт сөндіру машинасын сатып алды. Жыл соңына дейін тағы 3 өрт сөндіру бекеті жеткізіледі деп күтілуде. Оған қоса, әкімдіктер салған 22 өрт сөндіру бекеті қызмет атқарады. Олар 107-ден астам азамат тұратын 52 елді мекенді өртке қарсы қорғауды қамтамасыз етеді», - деді Юрий Ильин.
Қызылорда облысында су тасқыны қаупі азайды
Юрий Ильин Қызылорда облысының халқымен кездесу кезінде өңірдегі су тасқынының алдын алу жұмыстары туралы айтты.
Көксарай су реттегішінің құрылысы елді мекендерді жаппай су басудың алдын алуға және халықты қауіптен құтқаруға мүмкіндік берді. Дегенмен, табиғи құбылыстар мен Сырдария өзенінің ағысын болжау мүмкін емес және көктемде су тасқыны жағдайы қиын болуы мүмкін. Халықты су тасқыны қаупінен қорғау үшін Үкіметте 2023 жылға жол картасы, ал жергілікті деңгейде - Даму жоспары мен жыл сайынғы су тасқынына қарсы жоспар қабылданды.
Соңғы деректер бойынша облыста барлығы 29 елді мекен су тасқыны аймағында орналасқан, қазір 500 мыңға жуық азамат (467 728 адам) тұратын 23 елді мекен үшін қауіп-қатер барынша азайтылды.
Осыған байланысты министр Юрий Ильин жергілікті атқарушы органдардың жол картасын уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету және көктемге дейін су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізу қажеттігін атап өтті.

