Kyzylorda-news.kz  Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Біздің өңірде бірнеше ұлттың өкілдері шоғырлаған. Олардың қазақ тіліне деген құрметі шексіз. Тіпті қазақтың салт-дәстүрлерін де ерекше құрметтейді. Осы ретте Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде ауруханаішілік инфекцияларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы әңгімелескен едік.

Юрий Палович  тіл үйрену ынтаны, қажеттілікті, табандылықты қажет етеді. Сіз қазақ тілін қалай үйрендіңіз? Естуімізше тіпті іс-қағаздарын да қазақша толтырады екенсіз?

Мен қазақ халқының ортасында өстім. Ата-анамыз үнемі көрші тұрған жергілікті ұлт өкілдерімен бауырындай араласты. Бір-бірінің үйіне қонаққа шақырып, қуаныш пен қайғыны ортақ бөлісті. Сондықтан мен бала кезімнен қазақ тілін меңгеруге тырыстым. Ол маған ешбір қиындық туғызған жоқ. Көршілердің барлығы қазақ ұлтынан еді. Бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлесеміз. Осылайша тілді жақсы меңгеріп алдым. Жалпы, тіл үйренгеннің ешбір айыбы жоқ. Қайта ойтанымың кеңейіп, өзіңді жаңаша қырынан сезінуге болады. Еңбек жолымда да қазақ тілінің көп пайдасы тиіп келеді.

Өткен ғасырдың зобалаң жылдарына көз салсақ, кәрістердің Қазақстанға жер аударылғанын білеміз. Сіз де сол бір көштен өсіп-өнген тағдырлы ұрпағысыз. Өңірдегі үлкен диаспораның бірі....

Жалпы Қазақстанға көшіп келген корейлердің ата қонысы Қиыр Шығыстағы Приморье өлкесі. Бұл жерлерде ерте замандарда Пархэ, Чхон секілді мемлекеттер болғаны тарихи деректер айғақтайды. 1860 жылы Ресей мен Қытай арасындағы Пекин трактатынан кейін бұл жерлер Ресей империясының құрамына кірді. 1863 жылдан бастап Приморье өлкесіне корейлердің қоныстануы басталды. Менде сол кәріс ұлтының өкілімін.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласы және аудандарда 7565 корей ұлтының өкілдері мекен етіп жатыр.  Расымен бұл аймақтағы өзге ұлт өкілдерінен орыстардан кейінгі ірі диаспора болып табылады. Сыр бойына қоныстанған корейлер қай кезеңде болмасын аймақтың барлық саласында өзіндік қолтаңбаларын қалдырып келеді. Олар облысымыздың әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық, мәдени-рухани шараларына белсене атсалысады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте жұмыс атқаратын, білім, ғылым, мәдениет медицина, бұқаралық ақпарат құралдарында, спорт, құрылыс, өнеркәсіп, кәсіпкерлік саласында, ауылшаруашылық секторында да толағай табыстар мен жетістіктерге жеткен корей ұлтының өкілдері жетерлік. Оны мақтанышпен айта аламын.

Сізді қазақ халқының салт-дәстүрін білетін тұлға ретінде танимыз. Онан бөлек қазақ жазушыларының шығармаларына қызығушылығыңыз бар екен...

Иә  қазақ жазушыларының шығармаларын жақсы көремін. Оның ішінде қарымды қаламгер Ілияс Есенберлиннің шығармаларына деген құрметім ерекше. Өзге де ақын-жазушылардың шығармаларын сүйсініп оқимын. Дегенмен, Есенберлиннің қаламынан туған дүниелерде қазақ халқының тарихы кеңінен сөз болады. Қаншама ғасырға созылған тарихы жайында жан-жақты таныса аласың.Осы орайда «Көшпенділер» шығармасы маған ерекше әсер етті. Шәмшінің әндеріне деген құрметім ерекше. Қазақ халқы қашанда қонақжай дәстүрімен ерекшеленеді. Кезінде тағдыр жазуымен қазақ жеріне қадам басқан қаншама ұлт өкілдерін ешбір жатсынған жоқ. Барлығын бауырына басып, мейірім шуағын төкті. Сондықтан қазір елімізде өмір сүріп жатқан көптеген этнос өкілдері қазақ халқының осындай мейірімі үшін ризашылығын білдіреді. Көптеген қазақ әндерін де жатқа білемін. Іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысамын. Қазақ тілінде ән айтамын. Қазақтың ұлттық тағамдарын өзім дайындай аламын. Әйелім — қазақ, бір ұл тәрбиелеп отырмыз.

Әңгімеңізге рақмет.

Сұқбаттасқан: Мейрамкүл Дауылбайқызы

Тағы да оқыңыз: