Kyzylorda-news.kz «Қазақстан студенттерінің Альянсы» республикалық студенттер қозғалысының Қызылорда облыстық филиалы мен Болашақ университетінің жоғары колледжі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 

Меморандумның мақсаты -білім беру сапасын қамтамасыз ету саласында ашықтық, айқындық және объективтілік деңгейін арттыру, ағартушылық және ақпараттық жұмыстарды күшейту, студенттердің шығармашылық қабілеттерін шыңдау, бәсекеге қабілеттілігін арттыру және қоғаммен тығыз байланыс орнатуына ықпал ету. 

Болашақ университетінің жоғары колледжі директоры Еңсепов Асқар Алиұлы студенттерге әрқашан қолдау білдіріп, ұсыныс пікірлерін тыңдайтынын жеткізді. Тараптар алдағы уақытта білім беру сапасын қамтамасыз ету саласында ашықтық деңгейін арттырып, Қызылорда студенттері Альянсының бағыттары бойынша өзара желілік іс-қимылды ұйымдастырады. Меморандум аясында алдағы уақытта екі жақты нәтижелі жұмыстар атқарылады.

«Қазақстан студенттерінің Альянсы» – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанынан құрылған республикалық студенттер қозғалысы. Ұйым жастардың құқықтық мәселелерін шешуге, зияткерлік, шығармашылық, инновациялық дағдыларын дамыту мақсатында жұмыс істейді.

«Белсенді жастардың бір алаңда тоғысуының нәтижесінде интеллектуалдық, зияткерлік, мәдени көпшілік шаралар, акциялар мен дебат байқаулары ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында әкімшілік жанынан құрылған жедел топпен, ювеналды полиция қызметкерлерімен бірге түнгі рейдтер және әртүрлі бағыттағы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан студенттері Альянсының әр өңірде филиалы бар. Апта сайын өңірлік әріптестермен, басшылықпен жиналыс өтеді. Онлайн кездесу барысында әр өңірдегі өзекті жобаларды талқылап, нәтижесін сараптаймыз. Әр аймақтың өзіндік үздік жобалары да болады. Көп жағдайда бір тақырыптағы іс-шараларды барлық аумақта бір мезетте жасауға тырысамыз. Сол кезде жастардың назарын аудартып, қызығушылығын оята аламыз деп ойлаймын. Бастысы, біз санға емес, сапаға мән береміз.

Ұйым мүшелерінің саяси бағытқа қызығушылығы жоғары, өзіндік көзқарастары қалыптасқан. Қайырымдылық жұмыстарымен тұрақты айналысады. Қызылорда студенттерінің Альянсы республика бойынша жетекші ұйымның бірі. 2023 жылы еліміз бойынша «Үздік штаб» номинациясын иеленді. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Әрі үлкен жігер сыйлаған марапат. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, әрі қарай өз жұмысымызды жоғары деңгейде жүргізуге тырысамыз», -деді «Қазақстан студенттерінің Альянсы» республикалық студенттер қозғалысының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Расул Базарханұлы.

Бүгінде облыстық штабқа қарасты 4 бөлімше бар. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі, Қызылорда медициналық жоғары колледжі және Болашақ универсиетінің жоғары колледжі. Оқу орындарында құрылған бөлімшелерде 160-қа жуық студент мүше ретінде тіркелген.

Тағы да оқыңыз: