Kyzylorda-news.kz Себебі олар қауіптілер санатында.  Көлік министрі Марат Қарабаевтың сөзінше, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Яндекс.Такси" мен InDriver өз платформаларында рулі оң жақтағы көліктерді тіркемейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Министрлік екі компания арасында тиісті келісімге қол қойылғанын мәлімдеді. Енді аталған екі компания жаңа жылға дейін рулі оң жақтағы көліктерді платформадан алып тастайды.

Оң рульді сол жақ рульге ауыстырған көліктер де қызметтен шығарылады. Себебі олар да қауіптілер санатында.

Бүгінгі таңда көптеген елдер жол қауіпсіздігі мақсатында рөлі оң жағында орналасқан көліктерден заңды түрде біртіндеп бас тартуда.

Егер "оңқай" көліктер жол ережесін бұзса, көлік құралын иесінен тартып алады. Бұндай тәжірибе – Израильде, Тәжікстанда, Балтық жағалауы елдері мен Әзірбайжанда, Конгода бар.

Алматы мен Шымкент арасында талай жол апатына себепкер болған рөлі оң жағында орналасқан "Альфард" маркалы көпкісілік минивендер екені елдің бәріне мәлім. Естуімізше, оңтүстіктің жігіттері осы "Альфард" көлігін күндігіне 50 мың теңгеге жалға беретін көрінеді. Жалдау ақысы мен өз нәпақасын толтырам деп жап-жас жігіттер күні-түні энергетикалық сусын ішіп алып, Алматы-Шымкент арасында құстай ұшып жүр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметтері бойынша, 2023-жылы елімізде 240 мың заңсыз көлік легализацияланған. Соның ішінде 22 мың көлік Қазақстанға "қосалқы бөлшек" ретінде кіргізілген оң рөлді құрама авто.

Халықаралық автожолдың Мерке-Шу-Бурылбайтал тұсында көлік апатынан қаза тапқан 6 адамды ақтық сапарға шығарып салған күні, Көлік министрі мен InDriver компаниясының басшысы "рөлі оң жағында орналасқан және сол жағына ауыстырылған көліктерді такси қызметінен аластау" жөніндегі меморандумға қол қойды. Ендігі жерде аталмыш көліктермен InDriver және Яндекс-такси ретінде жұмыс істеп жүрген жүргізушілер де, көлігі де такси қызметіне қабылданбайды. Алайда, бұл Ереже тек 2025-жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енбек.

Көлік министрлігі жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ережелерді ұсынып отыр. Мәселен, такси көліктері жолда жылдамдығын сағатына 50 шақырымнан асырмау. Жолаушы тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, жүргізуші жолға шығар алдында медициналық куәландырудан өтуі керек, еңбек және демалыс кестесін және жылдамдық режимін сақтауы тиіс. Сондай-ақ, такси қызметіне тартылған автокөлік міндетті түрде Қазақстанда тіркеліп, жылына екі рет техникалық байқаудан өтуі тиіс. Ескере кететін жайт, бұл әзірге министрлік тарапынан айтылып отырған ұсыныс қана. Оның жүзеге асар-аспасы әлі белгісіз.

Фото: primamedia.ru

Тағы да оқыңыз: