Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтің төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және аймақ басшысы тарапынан белгіленген қосымша мәселелер қаралып, атқарылуы тиіс нақты тапсырмалар жүктелді.

Биыл бекітілген жоспарға сәйкес 42 178 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру көзделіп отыр. Оның ішінде 16 800 гектар алқапқа күріш егу жоспарланған.

Мәжілісте аудан әкімі Мемлекет басшысы тарапынан еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономиканы әртараптандыру мақсатында аграрлық секторды дамытуға айрықша мән беріліп отырғанын атап өтті.

«Ауданның егін шаруашылығындағы негізгі бағыт – суармалы егіншілік, оның ішінде күріш өндірісі екені белгілі. Алайда соңғы жылдары өңірде су тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Биыл да вегетациялық кезеңнің күрделі өту қаупі жоғары. Осыған байланысты көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты мұқият пысықтап, болжанған егіс көлемдерін агротехникалық талаптарға сәйкес және белгіленген мерзімде орналастыру қажет. Сонымен қатар, күріш дақылын артық егу мен ауыспалы егіс тәртібін бұзу жағдайларының алдын алу мақсатында шаруашылық құрылымдары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемін арттыруды одан әрі жалғастыруымыз тиіс», – деді А.Ибраимов.

Сондай-ақ, жиында вегетациялық кезеңге дайындық, егінді әртараптандыру, сондай-ақ цифрлық технологияларды ауыл шаруашылығына кеңінен енгізу мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, ауыспалы егіс тәртібін сақтамаған және белгіленген межеден артық егін еккен шаруашылықтарға вегетациялық кезеңде су берілмейтіні ескертілді.

Жиын қорытындысымен жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеліп, хаттамалық тапсырмалар берілді.

Тағы да оқыңыз: