Kyzylorda-news.kz 2025 жылғы желтоқсан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 505,73 теңгеге дейін 1,3 пайызға нығайды. Бұл туралы Ұлттық банктің валюта нарығына қатысты ақпараттық хабарламасында айтылған.
Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір ай ішінде 280 млн АҚШ долларынан 359 млн АҚШ долларына дейін артты. Желтоқсан айындағы сауда-саттықтың жалпы көлемі 7,9 млрд АҚШ долларын құрады.
Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 525,10 теңгеден 505,73 теңгеге дейін нығайып, жылдық өсім 3,7 пайызды құрады. Валюта нарығындағы сауда-саттықтың жиынтық көлемі жылдық есеппен 15 пайызға ұлғайып, 63 млрд АҚШ долларына жеткен.
Республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету және «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырын салу жөніндегі инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыру мақсатында 2025 жылғы желтоқсанда Ұлттық қордан 400 млн АҚШ долларына валюта сатылған. Бұл жалпы сауда көлемінің шамамен 5 пайызына немесе күніне орта есеппен 18 млн АҚШ долларына тең. Жалпы алғанда, 2025 жылы Ұлттық қордан 8,2 млрд АҚШ долларына валюта сатылды.
Үкіметтің республикалық бюджетке трансферттерді конвертациялау жөніндегі алдын ала болжамды өтінімдеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар айында Ұлттық банк Ұлттық қордан 350-450 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сатады деп күтіліп отыр.
- Айналау операциялары аясында желтоқсан айында 475 млрд теңге алынды. 2025 жылы алтын-валюта резервтерінен айналау операциялары арқылы сатылған валютаның көлемі 7 млрд АҚШ долларын құрады.2025 жылы алынбай қалған өтімділікті ескере отырып, айналау операциялары мен мемлекеттің басым құқықты жүзеге асыруынан туындайтын болжамды эмиссияны бейтараптандыру, сондай-ақ алтын бағасының елеулі өсуі аясында 2026 жылғы бірінші тоқсанда шамамен 1,1 трлн теңге баламасында шетел валютасын сату жоспарланып отыр, - делінген ақпаратта.
Ұлттық банк Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде және айналау тетігін іске асыру барысында нарықтық бейтарап қағидатты ұстанатынын атап өтті. Бұл шетел валютасын тұрақты әрі біркелкі сатуды көздейді.
Желтоқсан айында Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізген жоқ. Сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында өткен айда шамамен 315 млн АҚШ доллары сатылған.
БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі 40 пайыздан жоғары екенін ескере отырып және бұрын жарияланған жоспарға сәйкес, желтоқсан айында зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алу жүргізілген жоқ. Қаңтар айында да валюта сатып алу жоспарланбайды.
Ұлттық банк валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы ақпаратты ашық түрде жариялауды жалғастыратынын мәлімдеді. Қысқамерзімді кезеңде теңге бағамының динамикасы нарық қатысушыларының күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы жағдайға және геосаяси ахуалға байланысты болмақ. Ұлттық банк алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған икемді айырбас бағамы режимін ұстануды жалғастырады.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
