Kyzylorda-news.kz. «Мың бала» – ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін қолдауға, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқу үшін білімді оқушыларды іріктеуге бағытталған ұлттық ауқымдағы бірегей жоба. Олимпиада тегін өткізіледі, оған 5 немесе 6 сынып оқушылары қатыса алады. Олимпиада жеңімпаздары дарынды балаларға арналған еліміздің үздік мектептеріне оқуға түсуге мүмкіндік алады. 

Былтыр Ә.Оңалбаев атындағы №117 орта мектептен «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына Исмайл Шарапат қатысып, жеңімпаз атанды. Қазіргі таңда ол Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алуда. Ал биылғы оқу жылында аталған олимпиадаға Нұрдәулет Меркемел қатысты. 

Олимпиада ІІ кезең бойынша өткізіледі. І кезеңде онлайн форматта тестілеу жүргізіледі. 5 мың оқушының ішінен топ жарған Нұрдәулет ІІ кезеңге жолдама алып, математикалық сауаттылық, қазақ тілі, ағылшын тілі және жаратылыстану бағыты бойынша білімін бағалауға бағытталған тестілеуден 575 балл жинап, 58 орыннан көрінді. Қатарынан екі жыл «Мың бала» олимпиадасында жеңімпаз атанған Нұрдәулет – зерделі зейінділігінің арқасында барлық пәннен жақсы нәтиже көрсетіп, аудандық пәндік олимпиада, ғылыми жобаларға қатысып жүлделі орындарды иеленіп жүрген үздік оқушылардың бірі. 

«Ата-анам әрдайым білімдінің болашағы жарқын деп айтып отырады. Мен де болашақта білімді, білікті маман болуды армандаймын. Арманым – білікті дәрігер болу. Оның ішінде тіс дәрігері болсам деймін. Болашақта жақсы маман иесі атанып, халықтың денсаулығының жақсаруына өз үлесімді қосқым келеді», – дейді дарынды оқушы.

«Нұрдәулет – өте зерек оқушы. Барлық пәндерге қызығушылығы жоғары. Жаңа сабақтарды тез ұғып, өз бетінше тапсырмаларды жылдам орындайды. Әлі ойын жасындағы бала болса да білімге деген құштарлығы басым, алдына  қойған мақсаты айқын. Бос уақытында есеп шығарып, әртүрлі кітаптар оқып, ағылшын және орыс тілін меңгеруді алға қойған оқушының арманы асқақ» деген сынып жетекшісі Гүлзат Дабылова Нұрдәулеттің айтар ойы мығым, талапты шәкірт екенін де жасырмады.   

Нұрдәулеттің әкесі Сәбит Тоғызбай мен анасы Әлия Бакирова  – осы мектеп қабырғасында 17 жылдан бері білім беріп, шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұлағатты ұстаздар. Анасы Әлия – биыл математика пәнінен аудандық мұғалімдер арасында өткен «Математикалық регата» сайысында жүлделі ІІ орынды иеленген білікті маман. 

Әрине ол үшін мұғалім қазіргі заман талабына сай өзінің білім беру ісінде рухани, шығармашылық ізденіспен жұмыс істеп, жаңа тех-нологияларды меңгеріп, білігі мен білімі жоғары ұлағатты тұлға болуы керек. Дәл осы ұстанымдағы мектепте жоғары білімді педагогтар жұмыс жасайды. Білікті маман мен нәтижелі еңбектің арқасында мектеп оқушылары түрлі дәрежедегі олимпиадаларда жеңіске жетіп, аудан абыройын асқақтатып жүр. Ә.Оңалбаев атындағы білім ошағының ұжымы жаңа заман талабына сай, ақыл-парасаты мол, өскелең ұрпақ тәрбиелеуде қажырлы еңбек етуде.

Тағы да оқыңыз: