Бүгін Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінде «Тіл және әдебиет контексіндегі құндылықтар жүйесі: трансформациясы және заманауи әдістемелік ізденістер» тақырыбында халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.  Конференция ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, еңбек ардагері Тазагүл Сейтжанқызының туғанына 80 жыл толуына арналды.
Т.Сейтжанқызының өмірі мен шығармашылығын дәріптеу, ХХІ ғасырдағы қазақ филологиясының жетістіктері мен алдағы келелі мәселелерін,  қазіргі қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың теориялық, практикалық, әдістемелік мәселелерін, тіл мен әдебиетті оқытуда жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында өткен конференцияда көршілес Түркия, Қытай республикасынан zoom платформасы арқылы ғалымдар қосылды. 

IMG-20251011-WA0025.jpg
Қорқыт Ата университетінің Құрметті профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Түркия, “Қазақстан мәдениет және сауда орталығының” басшысы, Қазақстанның Ыстамбұлдағы алғашқы консулы Уәйіс Ержан Убайдаұлы Т.Сейтжанқызы жайында ұлағатты естеліктерімен бөлісті. ҚХР Бейжің қаласындағы Орталық Ұлттар университетінің доценті, PhD Айнұр Әбіш «Қазақ халқының көшпелі өмірі және ұлттық құндылықтары» тақырыбында баяндама жасады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлдархан Нұрғазықызы «Қазақ мәдениетіндегі құндылықтар әлемі»; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Салқынбай Анар Бекмырзақызы «Абай іліміндегі “түсіну – меңгеру – тану” қалыбы» тақырыбында баяндама оқыды. 
Медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері  Тұрғанбай Маханов, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Әлима Жақыпқызы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Күлдірсін Сейтжанқызы Тазагүл ұстаздың ұстанымы мен азаматтық болмысын әңгімеледі. Пленарлық мәжіліс соңында Т.Сейтжанқызы жайлы «Дария ғұмыр» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.  
Конференцияның халықаралық дәрежеде өтуіне атсалысқан және мазмұнды да мағыналы, салиқалы да сындарлы сөзін арнаған Ержан Убайдаұлына және онымен бірге zoom платформасына қосылып, семинарға қатысқан қазақ бауырларымызға ұйымдастырушылар зор алғыс білдіреді.

Тағы да оқыңыз: