Kyzylorda-news.kz. Дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп текке айтпаса керек. Осынау жауапкершілігі мол мамандықтың қыр-сырын жетік меңгерген, ыстығы мен суығына төзе білген, үнемі оқу процесінде білім беріп қана қоймай, тәрбиелік бағытты ұштастыра алатын, сабақтағы әдіс-тәсілдері мен шығармашылықпен айналысатын ұстаз ғана үлкен жетістікке жетері сөзсіз. 

Осындай елге қадірлі, ұжымға беделді, шәкіртке тұлға ұстаздар қатарын толықтыратын жанның бірі – Зәмзегүл Аймұратова. Ол – 1994 жылдан Жаңаталап ауылындағы №119 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Балалық шағынан ұстаздықты армандаған Зәмзегүлдің қиялына қанат бітірген Темірбек Жүргенов ауылындағы №117 орта мектепте  сабақ берген ұстаздары екен. Оның сөйлеу мәнері, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеуі ұстаздың ізденімпаздығын, жаңашылдығын паш етеді. З.Аймұратова 1971 жылы   Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында қарапайым  отбасында  дүниеге  келген.  Жоғары оқу орнын бітірген жас маман жалындап тұрған шағында бірден ұстаздық жолға түседі. Бірақ алғашқы жұмысқа кіріскеннен ол тәжірибелі ұстаздардан тәлім алып, олардың сабақ өту әдісін үйрене бастайды. Зейінді ұстазға аға буынның мазмұнды өткен сабақтары қатты әсер етеді. Зәмзегүлдің айтуынша, ол өз ісінің майталмандары Ахатай Ақарыстан, Мирамкүл Күзенова, Тұрсынкүл Қалманова, Марина Тілесовадай ақылшы ұстаздармен бірге жұмыс жасап, тәжірибе жинақтайды. Ұстаздық жолында осындай сауатты мұғалімдерді жолықтырғанына ол ризашылық білдірумен келеді. Міне, осы білім ордасында үздіксіз қызмет жасап, 26 жылды артқа тастаған ұстаздың бұл күнде  тәжірибесі мол, түйгені мен үйренгенін енді жас буын ұстаздардың бойына сіңіріп келе жатқан ақылшы да білікті маман. 

«Мектепте әке мен ана тәрбиесін  білікті маман, қарапайым да қатал, ақылшы ұстаздарымыз жалғады. «Ұстаз» десе көз алдыма оқуға зердемізді ашқан, білім шам-шырағын жаққан, алғаш «Әліппе»  ұстаткан Мағрипа апайым мен түрлі пәндерден дәріс берген Күләш, Кенжегүл, Күнжаш, Айнаш апайлар, Бакида, Әбдіразақ, Марсбек ағайларым ойға оралады. Олар –  менің ұстаз болып қалыптасуыма ықпал етіп, бала арманымның болашағыма айналуына себепкер болған асыл жандар. Осындай аяулы ұстаздардан білім алып, 1990 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы педагогикалық институттың «Мектепке дейінгі білімі мен тәрбие әдіскері, бастауыш сынып мұғалімі»  факультетіне  оқуға түсіп, оны 1994 жылы тәмамдап шықтым» дейді ол.

«Алдыма келген бүлдіршін балғын балапандарды білім нәрімен сусындатып, қанаттандырып, білімге құштарлығын оята алғанымды көрсем, өз ұстаздарымның еңбегі деп білемін. Қызмет жасаған жылдарда шәкірттерім облыстық, аудандық, халықаралық олимпиадалардың ғылыми жоба жеңімпаздары болды» дейді ұстаз өз шәкірттеріне риза кейіпте.
Зәмзегүл Аймұратова – мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып,  аудандық, облыстық марапаттарға ие болған белсенді ұстаз. 2012-2018 жылдар ара-лығында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.  Басшылық қызмет  атқару арқылы  өзінің кәсіби біліктілігін шыңдап, мектептің тәрбие үрдісінің жұмысын жандандыруға үлес қосқан. Бүгінде ол – педагог-зерттеуші санатындағы бастауыш сынып мұғалімі. «Елдің ықыласы мен алғысы – ұстаз үшін еңбегінің жанғаны, яғни «ұстаз» деген атқа лайық екенінің дәлелі. Ұстаздың бар мақтанышы, айнасы ол – шәкірті» деп тебіренеді кейіпкеріміз.

Бастауыштың бесаспап маманы «Әліппе» ұстатып, әріп танытқан шәкірттерімен мақтанады. Олар бүгінде әр саланың білікті маманы болып қалыптасқан. Ең алғашқы шәкірттері қазір өзімен бірге бір ұжымда ұстаздық қызмет атқаруда. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт бар ма? Олардың қатарында Медет Жұбаниязов, Роллан Ахатай, Балнұр Илиясова, Айдана Айғалиевалар бар. 2015 жылы мектеп тарихында алғаш рет алтын белгіні қоржынға салған да Зәмзегүл ұстаздан дәріс алған

Мұхаммедрахым Маңмұрын және Тәңірберген Айтолды деген оқушылар екен. «Тәңірберген Айтолды Әль-Фараби атындағы ұлттық  университетті  «Үздік дипломмен» аяқтап, қазір ұстаздық қызмет атқаруда, магистрант. Мұхаммедрахым   Маңмұрын болса, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетін тәмамдап, магистратурасын жалғастыруда. Осындай шәкірттерім менің еңбегімнің жемісі деп білемін. Білімді шәкірттер ұстазға мотивация береді, болашаққа деген сенімін арттырады. Алға мақсат қоюға жетелейді. Үздіксіз ізденіс пен шығармашылықты талап етеді.

Биыл да мәртебем биіктеп, 2020-2021 оқу жылында шәкірттерім Ыбырай  Жанарыс пен  Әбдікәрім  Асылзат «Алтын белгі» иегері атанды. Екеуі де жастайынан білімге құштар, жан-жақты қабілетті бала болып өсті. Бірнеше байқаулар мен олим-пиадалардың және спорттық, өнер сайыстарының жеңімпаздары атанды. Қазіргі таңда екеуі де  Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің грантын жеңіп алып, білімдерін шыңдауда. Осындай шәкірттердің арқасында биылғы Ұстаз¬дар күні мерекесінде жұлдызым жанып, облыстық кәсіподақ комитетінен  «Біркөлік» шипажайына жолдама алдым. Сол үшін шәкірттеріме мың алғыс» дейді ол.

Зәмзегүл Әбдіхалыққызы бүгінде  аяулы жар, ардақты ана. Отбасында жолдасы Қайыржан екеуі 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отыр. Қызы Айғаным Әль-Фараби атындағы Ұлттық  университетін тәмамдап, Алматы қаласында қызмет жасауда. Ұлы Бекет анасының жолын қуып, педагогикалық мамандықты игермек. Кішкентай Калқаман 6 жаста. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» дегендей, бастауыш сыныптың майталман маманы Зәмзегүлдің өмірден түйгені ең үлкен марапат ол елдің ықыласы мен көптің батасы екен. Ол – шынында шәкірт жанының бағбаны.

Тағы да оқыңыз: