Kyzylorda-news.kz Екінші дүниежүзілік соғыс - адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі. Бұл зұлмат жылдары Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам азамат майдан даласына аттанып, туған жерін қорғау жолында жан аямай күресті. Солардың қатарында Сыр өңірінен шыққан 70 мыңға жуық жауынгер болды. Өкінішке қарай, олардың тең жартысына жуығы туған топырағына қайта оралмады. Балалықтың бал дәмін татып үлгермеген бозбалалардың қыршын кеткен тағдыры - тарихтың жүрек сыздатар шындығы.

Майдандағы шайқастар қаншалықты ауыр болса, тылдағы еңбек те сондай жанқиярлықты талап етті. Ер-азаматтар соғысқа аттанғанда, елде қалған қарттар, әйелдер мен балалар бар күш-жігерін Отан үшін жұмсады. Олар күн-түн демей еңбек етіп, майдандағы жауынгерлерге азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ жеткізілуіне өз үлестерін қосты. Бұл – ел бірлігінің, қайсар рухтың айқын көрінісі еді.

Жыл сайын келетін бұл мереке-батыр бабалар рухына тағзым жасап, олардың ерлігіне құрмет білдіретін ерекше күн. Осы орайда «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай ардагерлерді арнайы құттықтап, олардың хал-жағдайын сұрап, батасын алды. 

Ұрпақ жадындағы ұлы ерлік 2.jpg

Алдымен төраға Сырдария ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері, 104 жастағы Яхия Тасыров ақсақалдың шаңырағында болып, майдангерге құрмет көрсетті. Ғасыр жасаған қарияның өмір жолы-бүгінгі ұрпақ үшін ерлік пен табандылықтың жарқын үлгісі.

Сондай-ақ Қызылорда қаласында бірнеше тыл және еңбек ардагерлерімен жүздесу өтті. Олардың қатарында жоғары санатты математик ұстаз, Қадыр Әмзеұлы, ардагер-журналист Қайырбек Мырзахметұлы және медицина саласының ардагері Байсерке Райымқұлов бар. Олар ел дамуына, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар.

Ардагерлерге құрмет көрсету тек мерекелік шара ғана емес, бұл-ұрпақ сабақтастығының, тарихқа деген тағзымның белгісі. Өткенді ұмытпай, ерлікті дәріптеу – болашаққа бағытталған нық қадам. Батырлардың ерлігі - мәңгілік, ал олардың рухына деген құрмет-әр жүректе сақталуы тиіс.

Ұрпақ жадындағы ұлы ерлік 3.jpg

Тағы да оқыңыз: