Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданы «Арман» мәдениет үйінде ел экономикасының маңызды салаларының бірі – энергетика саласында өзіндік орны бар «Уранэнерго» ЖШС-нің құрылғанына 20 жыл толуына орай салтанатты мерекелік шара өтті.
Мерейтойлық жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, кәсіпорын ұжымын құттықтады.
Өз сөзінде аудан басшысы серіктестіктің қалыптасу және даму жолына тоқталып, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосып келе жатқан үлесін атап өтті.
Сондай-ақ кәсіпорынның уран өндіруші мекемелерді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етудегі маңызын, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Бүгінде серіктестікте ауданның 100-ге жуық тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, мекеме ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, әлеуметтік бастамаларға қолдау көрсетіп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында да игі істердің ұйытқысы болып келеді.
Айта кетейік, «Уранэнерго» ЖШС – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жүйесіндегі маңызды өндірістік кәсіпорындардың бірі. Серіктестік «РУ-6» ЖШС, «Семізбай-U» ЖШС-нің Иіркөл филиалы, «Волковгеология» АҚ-ның №23 барлау экспедициясы, «Қызылқұм», «СП «Инкай», «Аппақ», «Байкен-U» және «Қаратау» секілді бірқатар өндіріс орындарын электр энергиясымен қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.
Салтанатты жиында аудан әкімі кәсіпорынның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан сала ардагерлеріне, басшылық құрамға және еңбек ұжымына алғысын білдіріп, алдағы жұмыстарына толағай табыс тіледі.
Мерекелік шара барысында ауданның дамуына, кәсіпорынның өркендеуіне және өндіріс саласындағы табысты еңбекке үлес қосқан бірқатар азамат аудан әкімінің Алғыс хатымен, «Уранэнерго» ЖШС-нің 20 жылдық мерейтойлық төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сонымен қатар, «Уранэнерго» ЖШС-нің бас директоры Жәнібек Байдұлла құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпорынның жүріп өткен жолы мен жетістіктеріне тоқталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмайл да мерейтой иелеріне ізгі тілегін жеткізіп, ұжымның еңбегіне жоғары баға берді.
Салтанатты кеш аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі
