Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Шаһнама» және Тұрмағамбет – әлем әдебиетінің мәңгілік мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысы өтті.

Халықаралық басқосу парсы әдебиетінің жауһары саналатын «Шаһнама» дастанының әлем әдебиетіндегі орны мен Тұрмағамбет Ізтілеуовтің аудармашылық мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеуге арналды.

Пленарлық отырыста университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Наурызбай Байқадамов сөз сөйлеп, конференцияның басты мақсаты – шығарманың әлем әдебиетіндегі орнын айқындау, ғылыми тұрғыдан зерделеу және халықтар арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту екенін атап өтті. 

Жиында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың атынан құттықтауын жеткізіп, конференцияның рухани-мәдени маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Тұрмағамбет мұрасын зерттеп, насихаттауда Мардан Байділдаевтың еңбегі зор екенін айтып, тарихи мұраны келер ұрпаққа жеткізу ортақ міндет екенін жеткізді.

Университет пленарлық отырыс 3.jpeg

Халықаралық конференцияға Үндістан, Иран, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Қазақстаннан келген ғалымдар мен зерттеушілер қатысып, «Шаһнама» дастанының әдеби-көркемдік және философиялық ерекшеліктері, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің аудармашылық шеберлігі, қолжазба нұсқаларының зерттелуі, сондай-ақ шығарманың тарихи-мәдени және деректік маңызы жөнінде ғылыми баяндамалар жасады. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің шығыс әдебиетімен сабақтастығы мен аударма өнерінің даму ерекшеліктері кеңінен қарастырылды.

Пленарлық отырыста дастанның көркемдік-философиялық мазмұны, аударманың ұлттық сипаты, тарихи-мәдени құндылығы мен ғылыми зерттелу бағыттары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар қолжазба мұраларды зерттеу және Тұрмағамбет шығармашылығын халықаралық деңгейде насихаттау мәселелері көтерілді. Конференция аясында Тұрмағамбет Ізтілеуовтің өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптары қойылған көрмемен қонақтар танысып, ақынның әдеби мұрасына ерекше қызығушылық танытты.

Тағы да оқыңыз: