Kyzylorda-news.kz Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен Erasmus+ бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын UNIFUND – «Қазақстан университеттерінде эндаумент-қорларды дамыту» халықаралық жобасының ресми ашылу кездесуі (Kick-off Meeting) өтті.
Аталған кездесуге Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қазақстанның және Еуропаның серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Халықаралық жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан университеттерінде эндаумент-қорлар жүйесін дамыту, жоғары оқу орындарының қаржылық тұрақтылығын нығайту, қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру және университеттерді қаржыландырудың қосымша тетіктерін жетілдіру.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті жобаның серіктесі ретінде оның негізгі жұмыс бағыттарын іске асыруға қатысады.
Кездесу барысында университет өкілі, «Korkyt Ata Endowment» корпоративтік қорының директоры Маржан Базарханова баяндама жасап, университеттің халықаралық жобадағы рөлі, міндеттері және күтілетін нәтижелері туралы ақпарат берді.
Жоба аясында университет эндаумент-қорлардың қызметін бағалау, фандрайзинг және қорларды басқару саласындағы кәсіби құзыреттерді арттыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ жоба нәтижелерін тарату және олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету бағыттарына қатысады.
Сонымен қатар, Италияның Турин политехникалық университеті мен Болгарияның София университетінің озық тәжірибесін зерделеу, халықаралық оқыту іс-шараларына қатысу және заманауи цифрлық шешімдерді қолдану көзделген.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – университеттік эндаумент-қорлардың Ұлттық қауымдастығын қалыптастыру және олардың ұзақ мерзімді дамуына жағдай жасау. Сондай-ақ жоба аясында Қызылорда қаласында қорытынды іс-шаралардың бірін өткізу жоспарланған.
UNIFUND халықаралық жобасы 2026–2029 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Жобаға қатысу Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің халықаралық ынтымақтастығын кеңейтіп, эндаумент-қордың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға, түлектер мен меценаттарды тартуға және университеттің стратегиялық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

