Kyzylorda-news.kz Шанхай қаласында 30 қыркүйек пен 20 қазан аралығында «Дамушы елдерге арналған ғылыми-технологиялық инновациялар және кәсіпкерлік» атты халықаралық семинар өтті. Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі (MOFCOM) мен Shanghai Business School ұйымдастырған іс-шарада әлемнің түрлі елдерінен келген ғалымдар мен мамандар басқосып, ғылыми-технологиялық даму және кәсіпкерлік саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Халықаралық семинарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бес қызметкері қатысып, оқу бағдарламасын сәтті аяқтағаны туралы сертификаттарға ие болды.

Үш аптаға созылған бағдарлама аясында қатысушылар Қытайдың әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері, жасыл экономикаға көшу және көміртегі шығарындыларын азайту бағытындағы бастамаларымен танысты. Сонымен қатар ғылым мен технологияның заманауи жетістіктері, технологиялық парктердің әлеуеті, кәсіпкерлікті қолдау тетіктері және қытайлық компаниялардың халықаралық нарыққа шығу тәжірибесі талқыланды.

Семинар барысында технологиялық инновациялардың өнеркәсіптің дамуына ықпалы, ғылыми-технологиялық бизнес-инкубаторларды қалыптастыру, цифрлық экономиканың мүмкіндіктері және жасанды интеллектінің экономикалық өсімдегі рөліне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, генеративті жасанды интеллектіні дамыту үрдістері мен Шанхай қаласының инновациялар мен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған озық тәжірибелері таныстырылды.

Халықаралық білім беру бағдарламасы университет қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін арттыруға, ғылыми-технологиялық даму бағыттары бойынша білімдерін тереңдетуге және халықаралық кәсіби байланыстарын нығайтуға мүмкіндік берді.

Тағы да оқыңыз: