Kyzylorda-news.kz Сыр елінен сұрапыл соғыс жылдары майдан даласына 70 мың азамат аттанып, оның 30 мыңы қайта оралмады. Бүгінгі Ұлы Жеңістің 79 жылдығын аймағымызда төрт батыр ардагеріміз қарсы алуда.
Бүгін партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова «Тағзым» алаңында өткен «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты салтанатты шараға қатысып, Ұлы Отан соғысы жылдары майданда ерлік көрсеткен, бақұл болған батырлардың құрметіне гүл шоқтарын қойды.
Мұнан соң партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы ҰОС батырлары Әбдірахман Байтіков пен Төлеген Жүнісовтың шаңырағына барып, қарт жауынгерлерді Жеңістің 79 жылдық мерекесімен құттықтады.
Бәйтіков Абдрахман сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласына алғашқылардың бірі болып, ерте жастан аттанған. Бар-жоғы 18 жастағы жігіт Курск Орел қаласының Курс доғасында ПТР бөлімінде жаяу әскер қатарында болған. 1943 жылы Курск доғасында ауыр жарақат алып, 2-топ мүгедегі болып, 1944 жылы 20 жасында елге оралған.
Ал, Төлеген Жүнісов 1942 жылы қызыләскер қатарына қабылданып, кіші командирлер дайындайтын курста оқып, сержант болып, Украинада 688 атқыштар полкінде ұрыста болған.
Кездесу барысында Атқарушы хатшы Ләйлә Төрешова соғыс ардагерлеріне «AMANAT» партиясының «Құттықтау» хатын жеткізді. Қарт майдангерлер сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін естеліктерімен бөлісіп, құттықтап келген аманаттықтарға ақ батасын берді.
Жалпы «AMANAT» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ардагерлерге үнемі қолдау көрсетіп келеді. Қамқорлық шаралары тек мереке қарсаңында емес, жыл бойы жалғаса бермек.