Kyzylorda-news.kz. Бүгін «Қамқор» акциясы аясында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Фархат Әбдібағдатұлы, Славяне этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова және Ассамблея жастар ұйымының белсенділері Ұлы Отан соғысының ардагері Любовь Колесникті мерейлі мерекемен құттықтады.
Арнайылап үйіне барып, тәттіге толы себет пен «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Бақытжан Жарылқасынұлының құттықтауын табыстады.
Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан Любовь Сергеевна ғасырға жуық ғұмырында талай асудан мұқалмай өтіп, еңбек майданында қызмет еткен. Мерейлі мереке қарсаңында ақ тілекпен келген жандарға өз пікірін білдіре отырып, көрсетілген құрмет үшін шынайы алғысын жеткізді.
Айта кетейік, Любовь Сергеевна 1925 жылғы 4 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында әскери қызметшілер отбасында дүниеге келген. Жұбайы Николай Севастьянович Колесник те соғыс ардагері. Жергілікті медициналық техникумда оқып, кәмелет жасқа толысымен 1944 жылы әскер қатарына шақырылған. Соғыс кезінде Белорусь фронтының дала госпиталінде медбике қызметін атқарып, ержүрек батылдығымен көзге түскен. Соғыс аяқталған соң госпитальда жұмыс жасады. 1945 жылдың қыркүйегінде елге оралып, сол жылы Қызылорда қаласындағы Локомотив депо медпунктіне фельдшер болып жұмысқа орналасты. Осы қызметтен зейнетке шыққан.
Любовь Сергеевна 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді.