Kyzylorda-news.kz Әлемдегі озық мемлекеттердің үлгісіне ой жіберсеңіз, ұлттық құндылықтарын құрметтей білген елдің біртұтас даму жолына бет алғанын көруге болады.
Ұлттық сана шекара таңдамайды. Жер шарының екі қиырында өмір сүрсе де елім, жұртым дегенде өзегін жұлып берер асыл ниет бір арнаға тоғысқанда ұлт мұраты айқындалады.
Міне, осындай асыл идеяларға адалдығымен бір қазыққа байланып, қазағының қамын жеген, екі түрлі концепсия, екі түрлі саясат, екі түрлі қоғамда ғұмыр кешіп жатса да жұдырықтай жүректе байыз таппаған бір тілек, бір мүдде, бір арманды қанат қылған ықылас-пейілінен бір-біріне туғаннан да жақын болып өткен ұлтжанды азаматтар – Хасен Оралтай ағамыз бен Алшынбай Тұртанұлының есімін қатар атауымызға не себеп?
Хасен Оралтайдың әкесі ұлт-азаттық қозғалысына терең дем берген кісі. Хасеннің өзі халықаралық медианы пайдалана отырып қызыл империяның кеңес одағы деген біртұтас кеңістікке зорлықшыл өктемдігін әшкерелеуден танбағаны құлағы түрік, көкірегі ояу әркімге аян. Ол осындай іс-әрекетімен ұлттық сананы қалыптастырып, теңдікке деген біртұтас көзқарасты шыңдауда қайраткерлік күресін бір күн де тоқтатқан жоқ. Ел тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдары Хасен Оралтай туған жерге тәу етіп Қазақстанға келген сапарында өзімен мұраттас біраз тұлғаларды тауып қайтты. Солардың бірі – біздің Алшынбай ағамыз.
Ауылда тұрып арды биік қойған мемлекетшіл тұлға жас кезінен төл мамандығы бойын¬ша мінсіз қызмет етіп, аудан экономикасы мен әлеуетінің дамуына бір кісідей үлес қосты. Қай салада болмасын елгезектігімен, көзі ашықтығымен, ең бастысы, шаршап-шалдығуды білмейтін еңбекқорлығымен Алшынбай аға араласпаған тірлік қалды ма атамекенінде? Инженер-құрылысшы ретінде жаңадан ірге көтерген шаруашылықтарды аяққа тұрғызған енапат еңбегі өз алдына, тоқсаныншы жылдары тұралаған тірлікті аяққа қоюда қиыр асып, ту қияндағы ну табиғаттың қожайындарымен ымыраға келіп, Сібір мен Сырдың арасын жалғаған кім? Оның мұрындық болуымен Жаңақорғанның құмында өскен қауын-қарбыз, асқабақ пен алмасын, күріші мен салысын қат көріп қаптап алған тюмендіктер бартерге вагон-вагон ағаш артып жіберуді жүйелі жолға қойып, аудан ғана емес, облыс құрылысына қажет қор қалыптасқанын қалай ұмытамыз?
Ол кісінің бойындағы осындай мәмілегерлік қабілеттің іскерлік мәнерден де биік қайраткерлік қасиетке арна тартқанына өзі сырттай еңбегіне қанық, шын жүрегімен пір тұтып келгенұлт жоқшысы Хасен Оралтайды тауып, Жаңақорғанда тұңғыш рет халықаралық конференциясын өткізбекке бел буып, демеуші болған қадамы дәлел бола алады.
Өткен сенбіде, Адырбек Сопыбеков атындағы кітапханада өткен Алшынбай Тұртанұлының өмірден озғанына жыл толған шарасына орайлас жарық көрген «Асу бермес Алшынбай» атты кітаптың тұсаукесер шарасына жиналғандар қос арысты табыстырған ұлы сезім – ұлтқа деген сүйіспеншілік мәселесіне жан-жақты тоқталды.
Олардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқазбек Әжібеков, Хасен Оралтайдың бауыры Әбілбашар Ілиясұлы, облыстық мәслихаттың депутаты Жанкелді Ысқақ, ұстаз Ы.Алтынсарин медалінің иегері Айсара Нәлібаева, бауырлары Дәулетбек және Оразалы Жұматовтар және осы кітаптың авторы Нұрлат Байкенже өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Міне, осы азаматтардың қатарында Қазақстанға еңбегіі сіңген қайраткер, жазушы, Алшынбай ағаның туған бауыры Жолтай Жұмат: «Осындай ұстанымымен, осындай өр мінезімен бейбіт күннің өзінде биік тұғырдан танылған Алшекең егер отызыншы жылдары туғанда Алаш қайраткерлерінің қатарында болар еді деген ой келеді. Жақын танысып, дос болған Хасен Оралтай жөнінде бірде маған айтқан мына сөзі есімнен кетпейді. «Жолтай-ау, Хасен ағаң қоғам қайраткері ғана емес, ол мәдениеттің, әдебиеттің руханияттың, жалпы ұлтты сүюдің, қазақты сүюдің эталоны екеніне көзім жетті. Жүрегіммен қабылдап, аға-інідей болып кеттік» деп еді. Осындай азаматты терең танып бағалауы, сол кісінің деңгейінде пікір өрбітіп, тіпті отбасылық та қарым-қатынас орната білуі біздің Алшекеңнің де биік парасатын, қайраткерлік деңгейінің дәрежесін көрсетеді.
Ол кісінің әдебиетші ретінде де таным-түсінігінің кеңдігін кейде шығармаларым төңірегінде айтылатын сын-ескертпесінен, кеңесінен аңдап, көзқарас көкжиегіне еріксіз бас идім. Оның мықты бизнес өкілі екеніне де уақыт өз бағасын берді.
Енді асыл азаматтың екінші өмірі басталды. Бұл екінің біріне бұйырмайтын нығмет, – дей келе, өздері өмірден озып кеткенімен есімдері жүректе жырдай жатталып, жалпақ даласын кезіп жүрген Бердібек пен Алшынбай есімінің ел жүрегінде егіз сақталатынына ізгі сенімін жеткізді.
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» Абай атамыз айтқандай, мұндай биікке, мұндай дәрежеге бұл қос тұлға қайраткерліктен де бұрын азаматтық болмыс асқақтығымен жете алғандығын көпке үлгі етті.
АЛШЫНБАЙДЫ АНАДОЛЫ ЖОҚТАДЫ
Келесі сөз алған қоғам қайраткері, Хасен Оралтайдың інісі Әбілбашар Ілиясұлы: «2005 жылы Хасан Оралтайәкесінің 100 жылдығына орай ас берді. Сол асқа елден Алшынбай аға келді. Ол кісі Түркияға келгенінде осындағы қазақ ағайындардың үйінде болып, олардың бастан өткен қилы тағдыр хикаяларын бауыры езіле тыңдап, шетелде босқан қандастардың жағдайын жүрекпен қабылдайтын. Үнемі телефон соғып, бізбен хабарласып тұрды. Тәуелсіздіктің бекем болуына, шеттегі ағайынның елге келуіне шын тілектес ағаның бірі еді. Ол кісінің өмірден өткен хабарын естігенімізде Түркиядағы, Анадолыдағы бүкіл ағайын-бауыр езіле жоқтап жыладық. Міне, бүгін асыл ағаның жыл-дық асына бір қауым ел Түркиядан арнайы келдік. Ол кісінің алға қойған ізгі мақсатына жетуді ұрпақтарына нәсіп етсін» деді.
Алшынбай ағаның халықаралық деңгейдегі бет-беделін былай жиып қойғанда ел ішінде күнделікті тұрмыста ол кісінің көңіл қоймайтын, бас ауыртып, бағыт бермей, жай қол сілтеп қоя салатын ұсақ-түйек мәселе болған емес. Ол барлық нәрсеге байыпты мән беріп, ұқыптылықпен іске асуына барынша мүдделі болып жүретін. Кешеге дейін аудандажаңа құрылыстардың техникалық сапасының қадағалаушысы ретінде көп кемшіліктің түзелуіне тер төкті. Қаптаған мердігерлер қатал мінезіне қанық болып, талабынан шығуға ұмтылды.
Бұл жөнінде Қожамберді аулының экс әкімі Молдахмет Нәлібаев: «2010 жылы облыстық бюджеттен қаржы қаралып бас трассадан Төменарық елді мекеніне дейін 12 шақырым жолға күрделі жөндеу басталды. Жол құрылысы жүріп жатқанда ауданнан технадзор Алшекең келіп екеуміз объектіні аралауға шықтық. Ол кісі бірден қалада жүрген мердігерді шақыртты. Ол екі-үш сағатта келіп жетті. Алшекең оған қарап: «Техникаңды, адамдарыңды ал да бұл жерден қараңды батыр» деді. Жеңімпаз ескі техника, құрал-саймандарды тез жиып, алып кетті де, келесі күні жаңа техника, жаңаша жұмыс тобымен қайта келіп, жұмысты жалғастырды. Қожамбердінің тұсына кеп қалған еді, әрі қарай жол құрылысы тағы 3 см-ге биіктеді, яғни асфальт 5 см-ден 8 см-ге қалыңдады. Әлі күнге дейін бұл жерді ауылдықтар «Алшынбай төбе» деп атайды» деді.
Тарихта атың қалу үшін алаөкпе боп атақ шығарудың қажеті жоқ, халқыңа шын жаның ашып, ақиқат¬тың салтанат құруына қолыңнан келгенінше қасқайып амал қыл. Әділ қарекетің күмәнсіз елдің жүрегінде қалады. Мына жағдай соның титімдей бір көрінісі.
Жалпы, Алшынбай ағада мемлекеттік марапаттар жоқтың қасы. Уағында партия қатарына да өтуге құлықты болмағаны мансап пен лауазымға қызықпағанынан болса керек. Бірақ елім дегенде елжіреген пендесінің дәрежесін Құдырет өзі құрмет төріне шығарып қояды екен.
Бүгінгі шарадан біз осындай ой түйдік.
«ЖЕТПІС БЕС ЖЫЛ ҒҰМЫРЫМА ҚАНАҒАТ»
– Мен Қытайда туып-өстім. Тәуелсіздіктің арқасында 1993 жылы Қытай қоғамдық ғылымдар академиzсынан Қазақстанға ауысып, институт директорының орынбасарлығына дейін көтерілдім.
Алшынбай ағамен Хасен Оралтай арқылы жақын таныстым.
Осы өмірімде рухани жақындықтың өте киелі болатынына осы екі азамат арқылы терең көз жеткіздім. Оған мысал келтірейін: «Жетпіс бес жыл ғұмыр сүрсем ризамын» деген Хасен ағамызға «Неге олай дейсіз?. Алла жомарт, одан артықтауын да береді ғой» деп жік-жапар болғанымыз бар еді. Сонда ол кісі: «Мен тіпті осы күнді көремін деп ойлап па ем? Қалың өртте жанбаған мақта сынды маңдайыма жарық күнді көруді жазыпты. Осы күніме қанағат» деп еді, – деген ғалым ағамыз Нәбихан Мұхаметханұлының сөзі біздің түйсігімізде мына жағдайды тірілтті.
Бірде «Аманат» партиясының бір жиынында облыстық мәслихат депутаттарымен басқосуда Жаңақорғанның ауызсуы жағдайын айтып таусылған Алшынбай аға: «Өзіміз көп болса бір-екі жыл жүрерміз. Мұның барлығы ұрпаққа керек дүние ғой» деп таусылған. Әлі тың, денсаулығы мықты ағаның аузына бір-екі жылдан басқа сан түспеді ме деп, былай шыққан соң өзіне айттық та. Ол кісі жай күлді де қойды. Бірақ Алшынбай ағамыз да нақ жетпіс бес жасында жарық дүниені тәрк етіп кете барды.
Бұл сәйкестікте нендей тылсым сыр жатыр?