Kyzylorda-news.kz Ұлттық ұлан Ұлы Жеңістің 80 жылдығын патриоттық акциямен атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мерейлі датаға орай ұландықтар Астанада өнер мен әскери рәсімдерді біріктіретін ауқымды акция өткізді. 80 әскери қызметші Ұлы Жеңіске қол жеткізген атаулы күннің құрметіне "80" санын тарту етті.
Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасының жауынгерлері саптық өнерді жетік меңгергендігін көрсете отырып, ерекше шеберлік көрсетті: олар алдымен алаңда батылдық пен ерліктің символы – жұлдызды суреттеп, әскери марш ырғағымен жұлдыз пішінін "80" санына өзгертті. Бірегей қойылым Үлгілік-көрсетімді оркестрдің сүйемелдеуімен және Ерлер хорының “Жеңіс күні" әнін жанды дауыста орындауымен жүзеге асты. Құқықтық тәртіп әскерінің шығармашылық ұжымының өнері сымбатты да біркелкі сарбаздардың Жеңіс мерейтойына арнаған тартуына ерекше сән-салтанат берді. Мерекелік композиция астаналық бригаданың саптық алаңын асқақ рух пен отансүйгіштікке толы атмосфераға бөледі.
Біз батыр бабаларымыз бен ардагер аталарымызға бейбіт күн үшін құрмет көрсетеміз. Олардың ерлігі жүрегімізде мәңгі сақталады. Ұлттық ұлан әскери қызметшілері үшін елге қызмет ету – жәй ғана міндет емес, Отан қорғаушылардың ұлы дәстүрін жалғастыру, - дейді шараға қатысушылар.
Патриоттық акция Ұлы Жеңіс пен ұрпақтар бірлігін, құндылықтар сабақтастығы мен әскери антқа адалдықты дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.
Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі